Привокзальныйдағы №27 орта мектепке көшірілген тұрғындар.13 мамырда Атырау облысының әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ нөсер жауынға байланысты орын алған төтенше жағдайдың салдары туралы БАҚ-тарға мәлімдеме жасады.13 мамырда Атырау облысының әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ нөсер жауынға байланысты орын алған төтенше жағдайдың салдары туралы БАҚ-тарға мәлімдеме жасады.
35 МЫҢ ҚОҢЫРАУ
Облыстық әкімдікте журналистермен болған кездесуге облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВ, облыс әкімнің орынбасары Сәлімжан НАҚПАЕВ, Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек ОЖАЕВ, облыстық ТЖД бастығы Сағынбек ӨМІРЗАҚОВ қатысты. Кездесуді Ізмұхамбетовтің өзі жүргізді:
- Атырау облысының тарихында болмаған, 30-32 сағат бойы жауған нөсер жауынның салдарынан 3 айлық жауын-шашын нормасы жауды. Нақтыланатын алдын ала мәліметтер бойынша, 252 үй суға кеткен, оның ішінде 119 үйдің ішіне су толған. Апат салдарын жоюға 143 техника жұмылдырылды. Соның ішінде Батыс Қазақстан облысынан да бар. Техника тәулік бойына жұмыс істеуде. Бүгінде 482 адам қауіпсіз жерге көшірілген, оның 98-і – балалар. Олар мектептерге орналастырылып, 3 мезгіл ыстық тағаммен қамтамасыз етілген. Жапа шеккен үйлерден мүмкіндігінше олардың заттары шығарылды, барлық мүлік сақтаулы. ТЖД-ға қоңырау соғып ала алмаймыз деген реніштер көп, ол жерде бүкіл қоңырауларды қабылдауға үлгере алмай жатыр. ТЖД қызметінде зардап шегушілермен байланысу үшін бір сәтке де тынбайтын 6 телефон жұмыс жасап тұр. 35 мыңдай қоңырау келіп түсті.
Кейінірек ТЖД бастығы Өмірзақов түсіндіргендей, «112» шұғыл қызмет нөміріне 6 телефон аппараты шығарылған екен. Онда тәулік бойына жедел кезекшілер жұмыс істеуде. Сонымен қатар нөсерден зардап шеккендерге арналған тікелей қауырт желі құрылған. Ал оның 454147 және 450700 нөмірлерінде департамент мамандары мен психолог ТЖ-ға байланысты кез келген мәселе бойынша тәулік бойына қоңыраулар қабылдауда.
«ҰЯТТАРЫҢЫЗ ҚАЙДА?!»
Ізмұхамбетов ауа райына байланысты емес әлдебір проблемаларын шешіп алу үшін төтенше жағдайды пайдаланып қалуды ұйғарған қала тұрғындарының жалған қоңырау соғатындарын атап өтті. Ол бұл әрекетті ұрлыққа балап, адалдыққа шақырды:
- Тіпті көмек көрсету туралы өтінішпен менің өзіме де соғады. Біз қала әкімімен және ТЖД бастығымен бірге аталған мекенжайларға бардық, айтқандарының бәрі жалған болып шықты. Адамдар өтірік айтады! Ұяттарыңыз қайда? Жағдай өте ауыр, оны пайдаланып қалу – адамгершілікке жатпайды. Немесе кейбіреуі: неге менің көршімнің суын тартып шығарасыздар, ал менікін неге шығармайсыздар? - дейді. Сіздің үй суға кетіп жатыр ма деп сұрасам, жоқ, ауламыз суға толды, ол үйге кіріп кетсе қалай болады дейді. Міне, осындай фактілер бар. Бүкіл техника қазір қажетті жерлерге жұмылдырылған. Геологта бүгінгі күні 3,7 мың текше метр су тартып шығарылды, ертеңгі болжам бойынша оның көлемі 7,5 мыңнан астам текше метрді құрамақ. Өркен елді мекенінде су өте мол.
Әкім Азаттық көшесінің бойындағы №128 үйдің әрі қарай мекендеу үшін жарамсыз деп танылған 8 пәтерінің тұрғындары мен әкімнің айтуынша, бөлмелердегі су деңгейі жарты метрге жеткен Есенби көшесінің бойындағы 25 үйдің қожайындары туралы еске алып өтті. Материалдық көмек мөлшері арнайы құрылған комиссия жұмыстарының нәтижелері бойынша анықталатын болады.
- Комиссия үйдің жағдайын тексереді. Бірақ бірден айтып қояйын, пәтерлер бермейміз. Әйтпесе, соған үміттеніп, жүгіріп келіп жатқандар бар. Шаралар алынатын болады, бірақ бірден ескертіп қояйын – бюджет есебінен ескі линолеумді паркетке ауыстырып алу деген жоқ. Сараптамадан кейін ауа райының құбылысынан зардап шеккен адамдардың өз үйлерін өздері жөндеп алуы үшін қаржы тауып, бөлуге тырысамыз. Бірақ қайталап айтамын – цифрлар тек комиссия жұмысынан кейін ғана айтылатын болады. Жұмыстар жүргізілуде, қажетті шаралар алынады.
«БАС ТАРТУШЫЛАР» ТУРАЛЫ
Облыс әкімі баспасөзде жергілікті атқарушы биліктің қол ұшын созу туралы өтінішіне үн қатқан компанияларды және бас тартқандарды атауды өтінді.
- Мен мұндай «бас тартушыларды» Орал қаласындағы су тасқыны мен техногенді жер сілкінісі кезінде көрдім. Жұқалап айтқанда, мен мұндайларды қолдамаймын. АЖЭО, Атырауэнерго, Іскер, Қазтрансгазаймақ филиалы, Қазақтелеком және кейбір жеке компаниялар. Мұны өздерінің ар-ұжданына қалдырайық. «Атыраумұнайқұбырлары», «Вест дала», «Атырау Су Арнасы», «Арнайы автобаза», «Ембімұнайгаз» көмек қолын созды, әскери бөлімше үн қатты.
Әкімнің айтуынша, енді нөсер жаңбыр болады деп күтілмейді:
- Ертең ауа райы шуақты болады деп болжанып отыр. Егер ауа райы мүмкіндік берсе, 3-4 күннің ішінде бүкіл суға кеткен учаскелерді тазартамыз, көлік жолдарын қолға аламыз. Темір жол мен көлік трассасы зардап шеккен жоқ, кәріз жүйесі қалыпты жұмыс жасап тұр. Адамдар құрбаны жоқ, үйлер мен мүліктер зардап шекті.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Суретті түсірген Тамара СУХОМЛИНОВА