Атырауда баскетболды дамыту жайында Баскетбол ұлттық федерациясының облыстық филиалының директоры Саламат ТӨЛЕУОВ (суретте) әңгімелейді.
«ӘКЕЛІ-БАЛАЛЫ ЛИСЯКТАР, ЖАРАЙСЫҢДАР!»
- Саламат Рахметұлы, осы жылы Атырау қаласында өткен Мектеп лигасы чемпионатының қорытындысы туралы айтыңызшы.
- 2012 жылы Атырау қаласында «Isker» Мектеп лигасы ашылды. Т. Балғымбаев басқаратын осы компания лиганы қаржыландыруды толықтай өз қолына алды. Осы жылы 9 қала командаларына Исатай және Мақат аудандарының командалары қосылды. Өткен демалыс күндері «Атырау» ДСК-нде плей-офф ойындары өтті. Әрбір финалға шыққан команда өз қолдаушыларымен келді. Матчтар арасындағы үзілісте қолдаушылар арасында байқаулар өткізілді: кіші сыныптар арасында – айып сызығынан соққы жасау, сынып оқушылары арасында – үш ұпайлық соққы жасау. Озып шыққандар сыйлықтармен марапатталды.
2002-03 ж.т. жас ерекшелік тобы арасында №19 мектеп командасы финалда №34 мектептің командасын ұтып, лига чемпионы болды. Үшінші орын үшін матчта №31 мектеп №19 мектеп командасынан басым түсті. Екі команданы тамаша дайындаған бапкерлер Анатолий Лисяк пен оның ұлы Александрды атап өткен жөн. Үздік ойыншылар: қорғаушы – Мағжан Қамалов, шабуылшы – Темірлан Тұрымтай, орталық шабуылшы – Василий Сафронов, ең бағалы ойыншы – Темірлан Қуанышев. 2000-01 жылы туған мектеп оқушылары арасындағы финалда №16 мектеп командасы №11 мектеп командасын ұтып, чемпион атанды. Үшінші орын үшін таласта №2 мектеп командасы №1 мектеп-интернат командасын ұтты. Осы жас ерекшеліктері тобында қорғаушы Григорий Ким, шабуылшы Борис Астахов, орталық шабуылшы Ерлан Айтқалиев, ең бағалы ойыншы Мерей Уапов үздік ойыншылар деп танылды. Бұл командаларды жаттықтырған бапкерлер Саламат Торғаев (№16 мектеп), Бақтығали Айжігітов («Назарбаев» мектебі), Еркін Төлегенов (№22 мектеп), Жасұлан Тәжібаев (№34 мектеп), Елтай Бисенғалиев (№1 интернат) және басқаларын атап өткен жөн.
БӘРІ ҚАЛАЙ БАСТАЛҒАНЫ БІЗДІҢ ЕСІМІЗДЕ
- Атырауда «үлкен» баскетбол қалай басталды?
- 2000 жылы осында облыстық баскетбол федерациясы құрылды. Оны құру туралы бастаманы көтергендер қатарында мен, Амантай Торғаев, Еркін Төлегенов, Болат Мұхамбетқалиев және Бұхар Нұрсұлтановтар бар. Федерацияны басқару Б.Мұхамбетқалиевқа жүктелді. Осы кезден бері Атыраудың балалар командасы ел чемпионатына қатыса бастады. 3-4 жылдан кейін бізде чемпионаттың күміс, қола жүлдегерлері пайда болды, ал 2004 жылы 1990 жылы туған оқушылар командасы ҚР чемпионы атанды.
Осы жылы Қазақстан баскетбол федерациясының бас хатшысы Ерлан Ахтанов Атырауда болды. Ол облыс басшыларымен кездесті, сол кездесу барысында «Атырау барыстары» кәсіпқой баскетбол клубын құру туралы шешім қабылданып, оның директоры болып Б.Мұхамбетқалиев тағайындалды.
2007 жылы ҚР чемпионатының жүлдегері болғаннан клуб ҚР Баскетбол федерациясына осы клуб базасында Азия мен Иран чемпионаттарына қатысатын Қазақстан құрамасын құру туралы бастама көтерді. Осы жылы Тегеранда атыраулық баскетбол мектебінің шәкірттері 1990 жылы туған Қадыржан Ғұбашев, Рустем Төлеуов, Ринат Жураев, Ахмет Өмірзақ, Берік Исмаилов, Павел Ильин Азияның күміс жүлдегерлері атанып, Жаңа Зеландияда өткен әлем чемпионатына жолдама ұтып алды және онда олар 16 команданың ішінен 12 орынды иеленді. Бұл - қазіргі кезге дейінгі ҚР құрама командасының үздік көрсеткіші.
Өткен жылы Атырау қаласының командасы 1998 жылы туған жасөспірімдер арасында ел чемпионы атанды. ҚР Баскетбол федерациясынан бізге хабарласып, 2007 жылдағыдай ел құрамасын қалыптастыруды қолға алуға қалай қарайтындығымызды сұрады. Бірақ біз демеушілер таппадық.
Қазіргі таңда біздің бірнеше шәкіртіміз - Артем Парфенов, Әлішер Төлеуов, Айбар Қабдрешов, Асқар Тәбешов - «Барыстар» құрамында ойнап жүр. Біз – кәсіби клуб үшін ойыншылар шығаратын «фабрикамыз». Өткен жылы 1997, 1998, 2000 және 2001 ж.т. командалар арасында бір команда ҚР чемпионы атанса, қалғандары күміс жүлдегерлер атанды. Ешбір спорттың командалық түрінде бұндай нәтижелерге қол жеткен жоқ. Осы жылы аталған командалар чемпионаттың бірінші турында барлық ойындарда жеңіске жетті.
- «Атырау барыстары» баскетбол клубы жанынан құрылған баскетбол академиясы ше? Сонда сіздер бәсекелессіздер ме?
- Бұл академияда 2002 жылы туғандардан бастап кішкентай жастағы балалар жаттығады. Оларға өсіп, біздің балалардың орнын басу үшін әлі екі жыл керек.
- Алдағы уақытта жоспарларыңыз қандай?
- Өз шәкірттерімізді жоғалтып алмау үшін біз Қазақстанның Жоғары Лигасы чемпионатына қатысатын команда құруды жоспарлап отырмыз. Біздің спортшыларымызды ҚР Баскетбол федерациясы Алматы қаласындағы спорт интернатына оқуға шақырды. Біз интернаттың жағдайымен таныстық, олар бізге ұнамады. Осы себепті біз 1998 жылы туған бес ойыншымызды интернатқа жібермедік. Осы жылы Ерғанат Қайрошев пен Ильяс Нағимовты (суретте) Азия чемпионатына қатысу үшін құрама командаға шақырып отыр. Бұлар біздің ең «мерген» ойыншыларымыз.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ