12 мамыр күні Құрманғазы мәдениет сарайында «Өмірзая» көркем фильмінің тұсауы кесілді.
Фильмді қоюшы режиссер - «Қазақстан-Атырау» телеарнасының директоры Асқар ӘШІМОВ, сценариін жазған – атыраулық журналист Нұрберген МАҚЫМ. Басты рөлдерді орындағандар - Махамбет атындағы драма театрының актерлары – Алтынбек ҚҰРМАНОВ, Сәбит ҚОЖАБЕКОВ және Қанат ІЗЕТ, сонымен бірге Астанадан шақыртылған, Қ. Қуанышбаев атындағы академиялық музыкалық драма театрының әртісі Нартай СӘРСЕНБАЕВ.
Фильм 5 сериядан тұрады, әр сериясы - 45 минуттан. Ал, кинотеатрдағы көрсетілім үшін режиссер 110 минуттық ықшамдалған нұсқасын әзірлеген. Фильм облыстық дін істері басқармасының мемлекеттік тапсырысы бойынша түсірілген және жастарды дәстүрлі құндылықтардан безінтіп, экстремистік ұйымдарға алдап шақырғандардың шынайы бет бейнесін әшкерелейді.
Картинаны түсіру барысында «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» және жалпы Қанат ЖҰМАҒҰЛОВ бастаған теолог мамандары кеңесші ретінде қатысқан.
Көрсетілім алдында фильмді түсіруші топ баспасөз конференциясын өткізді. Асқар Әшімов түсірілімдердің тығыз уақытта жүргізілгенін айтып өтті. Картина бір ай көлемінде Махамбет ауданында және Атырауда түсірілген. «Өмірзая» бюджеті 10 млн теңгені құрайды. Сахнаға шығып сөз сөйлеген Нартай Сәрсенбаев мұндай күрделі тақырыптағы көркем фильмнің орталық студияда емес, Атырауда түсірілгенін ерекше атап өтті.
Көрсетілімнен соң түсіруші топ өкілдері облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Фильмнің келесі көрсетілімі мамырдың 13-і мен 14-і күндері сағат 15.00-де және 18.00-де Құрманғазы мәдениет сарайында өтеді. Кіру тегін. Ал, содан кейін 5 сериялы толық нұсқасы «Қазақстан-Атырау» телеарнасынан көрсетіледі.
Айнұр САПАРОВА