Атырау, 28 қараша 11:33
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Штаб түнгі сағат екіде жиналды

3 170 просмотра

Image 0ТЖД мәліметтері бойынша 12 мамырда сейсенбі күні сағат 16.00-дегі ахуал бойынша Атырау қаласында 42 үй суға кеткен. Құрбандар жоқ. 123 адам қауіпсіз жерге көшірілді.

Ауа райы қолайсыздығының салдарын жою жұмыстарын ұйымдастыру жөніндегі шұғыл кеңестер қалалық әкімдікте түнгі сағат 2-ден бастап жүріп жатыр, бірыңғай үйлестіру штабы құрылды. Қала әкімі Нұрлыбек ОЖАЕВТЫҢ тапсырмасымен құрылған коммуналдық кәсіпорындар, қалалық әкімдік және ТЖД топтарының күшімен суға кеткен тұрғын үйлердің аулаларын жаңбыр суынан тазарту жұмыстары жүргізілуде.

– Бұл бірінші кезектегі міндет. Сондықтан бүкіл күш селден зардап шеккен жеке сектордағы суды тартып шығаруға жұмылдырылды. Су тартып шығару жұмыстары 58 үйге жүргізілді, - деді телефон арқылы Атырау облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің басшысы Сағынбек ӨМІРЗАҚОВ. – Таңғы сағат 6-дан бастап қаланы аралап шықтық, әкім Ожаев қаланы секторларға бөліп, нақты тапсырмалар берді. Негізінен үйлер емес, аулалар суға кеткен.

Қауіпсіз жерге көшірілген қала тұрғындары уақытша №№30, 2, 27, 15 мектептерге орналастырылып, ыстық тағаммен қамтамасыз етілді. Олардың мүліктері де суға кеткен кезде қауіпсіз жерге шығарылады. Жақында ғана Азаттық, 128 мекенжайындағы үйдің бірінші қабатындағы 8 пәтердің тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіру жұмыстары аяқталды. Екі қабатты үй тұруға жарамсыз, адамдар уақытша баспана алды. Содан кейін оларды тұрақты жерге орналастыру мәселесі шешілетін болады. «Су Арнасы», «Арнаулы автобаза» және ТЖД қарамағындағы бүкіл техника жұмылдырылды. Қалалық әкімдік те арнайы техникалары бар компаниялар мен жеке құрылымдарды тартты. Бәрі де қол ұшын берді. Қазір 60 вакуум машинасы, мотопомпалар, бүкіл өрт сөндіру техникалары жұмыс жасауда. Кешке дейін жеке сектордан су тарту жұмыстарын бітіреміз деп ойлаймыз, содан кейін күштер қаланың автожолдарына жұмылдырылатын болады.

– Әлеуметтік желілерде бірқатар үрей тудыратын шұғыл эвакуацияға дайындалуға шақырған ескертулер, көріністер жарияланды. Бұған негіз бар ма?

– Үрей тудыратын ешқандай негіз жоқ, - деп теріске шығарды бұл мәлімдемені Өмірзақов. – Құжаттар қолжетімді жерде үнемі болуға тиіс, тәртіп осындай. Алайда қазір үрей алдыруға ешқандай негіз жоқ. Жұмыстар жүргізілуде, жағдай бақылауға алынған.

Арнаулы автобаза мәліметтері бойынша, су тарту жұмыстары жаңбыр жауғаннан бастап дерлік жүргізілген. «Арнаулы автобаза» КМК директорының орынбасары Сәкен ЖЕКЕБАЕВТЫҢ комментарийінен:

– Біз түнгі сағат екіден бері желідеміз, бізді әкімдікке кеңеске жинап, тапсырма берді. Бізге – еуропалық бөліктегі, «Су Арнасына» азиялық бөліктегі суды жинау жүктелді. Әкімдік көмектесіп отыр. Ірі кәсіпорындар қосылды, арнайы техника, персоналдар берді. Жұмыстар ұйымдасқан түрде жүргізілуде.

ТЖД қазіргі уақытта баспасөз хабарламасын таратты:

«12 мамыр сағат 20-дан бастап 13 мамыр сағат 20-ға дейін Атырау облысында кей жерлерде өткінші жауын, найзағай болады деп күтілуде. Түнде және таңертең кей жерлерге тұман түседі. Оңтүстіктен секундына 9-14 м жел соғады. Түнде температура 10-15, кей жерлерде 7, күндіз 15-20, кей жерлерде 23 градус жылы болады. Атырау қаласында: көшпелі бұлт, түнде жаңбыр жауады. Оңтүстіктен секундына 9-14 м жел соғады. Түнде температура 11-13, күндіз 16-18 градус жылы».

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

13 мамыр 2015, 10:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.