Нөсерлеп жауған жаңбырдың астында ардагер қарияны қалдырып, көмекшісінің қол шатырының астында міз қақпай тұрған Атырау облысының әкімі Сәлімжан НАҚПАЕВТЫҢ суреті әп-сәтте әлеуметтік желілер мен БАҚ беттерін шарлап кетіп, үлкен талқылауға ие болды.
Сәтті түсірілген суретке іс-шараның Жеңіс күні қарсаңында өтіп жатқаны үстеме сезім қосты. Шенеуніктің тұлғасы қолданушылар тарапынан қатаң сынға ұшырады.
Біз Нақпаевтың көмекшісі, суреттегі бастығының басына қолшатыр ұстап тұрған Әсет ҮМБЕТОВКЕ осы фотоға басшылығы қандай түсінік береді екен деп хабарластық.
Көп ұзамай С. Нақпаев өзіне жергілікті журналистерді шақырып, бұл турасында қысқаша сұхбат берді.
- Іс-шара 6 мамырда Құлсары қаласында Жеңіс күніне арналған Даңқ ескерткішін ашу кезінде болды, - дейді Нақпаев. – Мен сол жерге облыс әкімінің тапсырмасымен барып, ескерткіштің ашылуына байланысты қысқаша сөз сөйледім, бұл кезде жаңбыр жауып тұрған және көмекшім мені қолшатырмен жауып тұрды. Мен қолшатырды байқағаннан кейін көмекшіме ардагер екеуміздің ортамызға тұрып, оны да жауыннан қорғауын сұрадым. Сол сәттен іс-шара аяқталғанға дейін ақсақал қолшатырдың астында тұрды. Сурет қасыма көмекші келген бастапқы сәтте түсірілген, алайда бізде оқиғаның бейне түсірілімі бар... Мен бе, басқа ма, маңызды емес, барлығымыздың да ақсақалдарды сыйлайтынымыз белгілі, бізді осындай тасжүрек деп ешкім ойламайтын шығар.
Кейін анықталғандай, суретті жергілікті журналист түсіріп, желіге салған екен. Әкімдіктегілердің айтуынша, оның ешқандай артық ойы болмаған.
- Бұл оның құқығы, суретті сала ма, салмай ма, мен бұл үшін оған талап қояйын деп отырған жоқпын, - деді журналистердің сұрағының алдын алған Нақпаев.
Айта кетсек, энергетика, ТКШ және ТЖ саласына бақылау жасайтын әкім орынбасары әлеуметтік желілерге тіркелмеген екен. Өзі айтқандай, бұған оның уақыты жоқ.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА
Бейнежазбаны түсірген автор