Қырғызстанның білім және ғылым министрі Эльвира Сариева мектеп оқушыларын түрлі делегациямен кездесуге қатыстырмау туралы бұйрыққа қол қойды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мұндай құжатты бекітуге Ош облысындағы жағдай себепші болған. Премьер-министр делегациясының кездесуінде мектеп оқушысы есінен танған. Оқушылар шенеуніктер кешігіп жеткенше, күн астында үш сағатқа жуық уақыт тұрған. Бұдан былай Қырғызстанда ресми шараларға мектеп оқушылары қатыспайтын болды, енді олар тек балалар мен мектеп ұжымы қатысатын мемлекеттік балаларға арналған мерекелерге ғана ат салыса алады. "Білім және ғылым министрлігі жергілікті органдардың мектеп жасындағы балаларды басшылардың кездесуіне қатыстыру тәжірибесін мектеп директорлары мен білім беру бойынша жергілікті органдардың алдына қойылған білім мен тәрбие берудің мақсаттарына сай келмейді деп есептейді", - делінген Қырғызстанның білім және ғылым министрлігінің бұйрығында.
Министрліктегілер бұдан былай шенеуніктердің кездесуіне арналған ресми шараларға мектеп оқушыларын қатыстырған мектеп директорларының жазаға тартылатынын ескертіп отыр.
Дереккөз: tengrinews.kz