Фархунданың өліміне айыптылар сот залында тұр. Кабул, Ауғанстан, 2 мамыр 2015 жыл. Ауғанстан соты "Құранды өртеді" деп айыпталған әйел - 27 жастағы Фархунданы өлтіру ісіне қатысы бар деп айыпталған төрт адамды өлім жазасына кесті. Бұл іс бойынша 49 адам, оның ішінде 19 полицей сотқа тартылған.
Фархунданы 19 наурызда бір топ ер адам "Құранды өртеді" деп жазықсыз айыптап, аяусыз ұрып-соғып, денесін өртеген. Кейін денесін Кабулдегі қасиетті саналатын мазарлардың бірінің жанындағы өзенге лақтырып жіберген.
Оқиғаға куә болғандардың айтуынша, Фархунда имаммен оның мешітте әйелдерге тұмар сатуын сынап, сөзге келіп қалған. Дау кезінде әйел құран өртеді деп айыпталып, зорлық көрген. 19 полицей "әрекетсіздік танытып, қызметтік міндеттерін атқармады" деп айыпталған.
Кейін полиция Фархунданың "Құранды өртегені" жалған болғанын анықтады.
Фархунданың өлімі Ауғанстан қоғамында жаппай наразылықтар тудырды.
Дереккөз: Азаттық радиосы