Таеквондо
Қытайдың Тайпей қаласында өткен Азия чемпионатында атыраулық таэквондошылар қола жүлдеге қол жеткізді.
Жасөспірімдер арасында бағалы жүлде Сағадат Жолдасбаевқа бұйырса, кадеттер арасында Жадыра Хайрулина жеңіске жетті. Сағадаттың бұл жүлдесі атыраулықтардың 2001 жылдан бері Азия чемпионаттарында алып тұрған алғашқы жүлдесі. Бұдан 14 жыл бұрын да чемпионат Тайпейде өткен еді, ол жарыста Ерлан Ризуанов «қола» алған болатын.
Гимнастика
Астраханда КСРО-ға еңбек сіңірген жаттықтырушы Л.А. Тихомированың жүлдесіне гимнастикадан бүкілресейлік турнир өтті.
Құрамында Іңкәр Жолмағамбетова, Гаухар Қуанышева, Люция Алпанова, Мәдина Аманғалиева және Айнель Жалғасова бар Атырау қаласының командасы шеңбер және доп жаттығуларында командалық үшінші нәтиже көрсетті. Жеке есепте Эмилия Бекбауова бесінші орын алса, Әйгерім Сахимова алтыншы орынға табан тіреді.
Дзюдо
Рудный қаласында 2000-02 ж.т. жасөспірімдер арасында Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған дзюдодан «Мини-татами-2015» халықаралық турнирі өтті.
Жарысқа Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан және Қазақстан елдерінен жас дзюдошылар қатысты. 46 келіге дейінгі салмақта Әбілхайыр Хайруллин «алтыннан» алқа тақса, 50 келіге дейінгі салмақта Мақсат Абдрахман «қолаға» қол жеткізді. 1-БЖСМ жаттықтырушысы Болат Жұмабаевтың айтуынша, бұл балалардың қатысып отырған алғашқы үлкен турнирі, олар жақсы өнер көрсеткен.
Шахмат
«Балықшы» ДСК-нде Жеңістің 70 жылдығына арналған мүгедектер арасында шахматтан облыс біріншілігі өтті.
Құрманғазы ауданынан келген есту аппараты бойынша мүгедектер Тілеужан Бахтияров пен Құрманбай Медеуғалиев өте тартысты партия өткізді. Жеңіске Бахтияров жетті. Зағип жандар арасында 2015 жылғы ҚР чемпионатының қола жүлдегері Аманқос Әбдешев үздік атанды. Екінші және үшінші орындарды Атырау қаласы құрамасының мүшелері Аманжол Байтов пен Айдынғали Ерғалиев иеленді.
Тірек-қозғалыс аппараты зақымданған мүгедектер арасында қызылқоғалық Әбіл Қосаев жеңімпаз атанды. Екінші және үшінші орындарды Құрманғазы ауданынан келген Нұрлан Төлегенов пен Махамбет ауданының тұрғыны Әсия Габдуллина алды.
Самбо
«Атырау» ДСК-нде ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы Қошқарбай Табынбаевты еске алуға арналған І Халықаралық турнир өтті.
Жарысқа Қырғызия, Тәжікстан және Қазақстанның барлық облыстарынан 80-нен аса спортшы қатысты. Әлемнің 4 дүркін чемпионы оралдық Ерболат Байбатыров пен әлем чемпионы Ринат Ибрагимов, Қызылқоға ауданынан келген ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мәлік Сүлейменов турнир қонағы болды.
Атыраулық спортшылардың арасынан келесілер жүлдегер болды: 52 келіге дейін - Қайырберді Айдымбай (күміс); 57 келіге дейін - Айтжан Амангелдиев (күміс); 62 келіге дейін - Асыланбек Азимов (күміс); 68 келіге дейін - Аманбек Аруов (алтын), Наурызбек Майлашев (күміс); 82 келіге дейін - Данабек Дәулетқалиев (күміс); 90 келіге дейін - Наурызбек Өтеуов (алтын), Ержан Қабделов (күміс), 100 келіге дейін - Тыныс Бисалиев (күміс); 100 келіден жоғары - Болат Жауыров (алтын), Бекболат Салықов (күміс). Командалық есепте облыс құрамасы 1-орын, Қырғызия құрамасы 2-орын, Ақтөбе облысы құрамасы 3-орын алды.
Спортшылар турнирді ұйымдастырғаны үшін облыстық әскери және спорттық самбо федерациясының президенті және Спорттық жекпе-жек қауымдастығының төрағасы Арман Шілмановқа алғыс айтады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ