Осындай атаумен қазір Қазақстанда республикалық акция өткізілуде. Ай сайын сәуір мен қараша айын қоса алғандағы аралықта оған қатысушылар сыйлыққа бағалы жүлде алу мүмкіндігіне ие.
Алғаш рет мұндай акция 2010 жылы өткізілді, сол кезде еліміздің салық қызметі осылайша халықты кассалық түбіртектердің берілуін қоғамдық бақылауға тартуды және салық мәдениетін арттыруды ұйғарды. 2011 жылы облысымызда салық департаменті, жергілікті атқарушы билік, «Атамекен» одағы, Кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағы, «Нұр Отан» партиясы ұйымдастырған осындай «Түбіртекті талап ет – патриот бол» акциясы өтті. Жүлделер қомақты еді: ноутбук, теледидар, тоңазытқыш және басқа да тұрмыстық техникалар, ал басты жеңімпаз «Лада 121-154» маркалы көлік алды.
Қазіргі акцияға Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті бастамашы болып табылады. Оған мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлерінен, сонымен қатар аттарына тіркелген бақылау-кассалық машиналарының түбіртектері бойынша кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардан басқа тауар сатып алатындардың барлығы (тауар құны әртүрлі болуы мүмкін) және қолдарында түбіртектері бар адамдардың барлығы қатыса алады. Түбіртіктерді ұтыс купондарына айырбастау қосындары Атырауда жеті жерде орналасқан: «Мұрагер», «Дина», «Көктем», «Насиха» сауда үйлерінде, «Тамаша» және «Атырау» сауда-ойын сауық орталықтарында, сонымен қатар мемлекеттік кірістер департаментінің ғимаратында. Бағалы жүлделер ұтысы ай сайын облыстық мемлекеттік кірістер департаментінде өткізілетін болады.
Әрбір қатысушы түбіртектердің шектеусіз мөлшерін тапсыра алады. Бірақ мұнда 10 түбіртекке бір ұтыс купонын алуға болады. Акция жеңімпаздары ұтыс купонын кездейсоқ таңдау арқылы көпшілік алдында анықталады. Жүлделер табыс салығы ұсталғаннан кейін беріледі.
Зульфия ИСКАЛИЕВА