Өткен жылы Исатай ауданы Нарын ауылында бір адамның мүрдесі табылған болатын. Екі жергілікті тұрғын күдікті ретінде жауап алуға облыстық ІІД-не шақырылды. Күдіктілердің бірі полиция майорын қысымшылық көрсетіп, ұрып-соқты деп айыптап, оның үстінен сотқа шағым жазатындай жауап алу кезінде не болған еді?
МЕРЕКЕДЕН КЕЙІНГІ МҮРДЕ
2014 жылдың 15 қаңтары күні кеште Нарын ауылының тұрғыны Мұратолла САЛИХОВ туған күнін тойлайды. Үйге қатар құрбы, дос жігіттері келген болатын. Олардың арасында Шариполла ІЗБАСҚАНОВ та бар еді. Ертесіне, 16 қаңтарда ауыл ішінен Ш. Ізбасқановтың мүрдесі табылады. Исатай аудандық ІІБ бастығының орынбасары А. АРПЕНОВ Ізбасқановтың қатты аязда үсіп өлуі ықтималдылығынан қылмыстық іс қозғаудан бас тартады. Алайда, марқұмның ағасы мен туған күн иесінің апасынан алынған түсініктемелерді басшылыққа ала отырып, нұсқау бойынша 24 қаңтарда Исатай аудандық ІІБ полицейлері Нарын ауылының тұрғындары Мұратолла Салихов пен Жалғасбай ИЩАНОВТЫ Атырауға алып келеді.
Мұратолла САЛИХОВ - Балам Мұратолланың аудандық ІІБ-де екенін естіп, түнделетіп Аққыстауға бардым, - деп еске алады Саясат САЛИХОВ. - Кезекші полицей баламның кеште кетіп қалғанын айтты. Телефонына соқсам, өшірулі. Мен ІІБ ғимаратының алдында таңға дейін сандалып жүрдім де қойдым. Балам туралы нақты дерекке жете алмай басым қатып, ертесіне аудан прокурорының атына баламның ұрланып кеткені жөнінде арыз түсірдім. 25 қаңтар күні «Қайрат» деп өзін таныстырған жігіт облыстық ІІД-ге келуімді айтты. Қалаға қызым Бақтылы мен жолдасым Дәметкен үшеуміз бардық.
Оған дейін ІІД-де болған М. Салихов пен Ж. Ищановтан облыстық криминалдық полиция басқармасының (КПБ) ұйымдастырушылық-бақылау және «А» қамтамасыз ету бөлімінің аға жедел уәкілі, майор Мұратбек НАЖИМОВ жауап алған еді.
- Майор «сендер Шариполланы өлтіргенсіңдер, мойындарыңа алыңдар!» деп айқай салды. Біз мойындаған жоқпыз. Бірақ ол ұялы телефонға жазып алған апам Бақтылының түсініктемесін көрсете берді, - деп еске алады Мұратолла Салихов. - Мен апамның «оқымағанын, оған не айтса, соны айтатынын» айттым. Бұл оған жақпаған болуы керек. Жалғасбай Ищанов та менің сөзімді қайталаған кезде оның маңдайынан таңба түспейтіндей етіп ұрды. Кейін Нажимов менің құлағым мен басымнан кезек-кезек ұрғылады.
Күдіктілерден ертесіне де жауап алу жалғасады. Екі кабинетте екі бөлек жауапталған кезде Нажимов тағы да Салиховтың басы мен құлағынан алақанымен ұрған. Кейін күдіктілерді босатып жіберген...
«МЕН ӨЗ БАЛАЛАРЫМДЫ ҚОРҒАЙ АЛДЫМ»
Жігіттер ІІД-ден шыққан кезде Мұратолла құлағының ауырып тұрғанына шағымданған соң әкесі Саясат Салихов оларды Исатай аудандық ауруханасына апарып қаратады. Хирург Атыраудағы лор дәрігеріне барып қаралу қажеттігі жөнінде кеңес береді. Атыраудағы теміржол ауруханасының ақылы бөлімдегі лор дәрігері М. Салиховтың сол жақ құлағының дабыл жарғағы жарылған деген анықтама жазып береді. Сол кезде ол Ж.Ищанов екеуі полиция майоры М. Нажимовтың үстінен арыз жазған. Соның негізінде Нажимовтың үстінен қылмыстық іс көтерілді.
Саясат Салихов Осы жылдың ақпанында қылмыстық іс Атырау қалалық №2 сотта қаралған. Сот отырысында Исатай аудандық ІІБ бастығының орынбасары А. Арпенов күдіктілерді ауданға шақыртпағанын және облыс орталығына жеткізу тапсырмасы болмағанын айтты.
Сотта облыстық ІІД КПБ жеке тұлғаларға қарсы жасалған қылмыстарды ашу бөлімінің бастығы Р. Икласов Ш. Ізбасқановтың өлімі бойынша қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы шешім алынғандығын білмегенін, жәбірленушілерге ешкімнің жарақат салып, ұрмағанын, ал М. Нажимовты өзінің жұмысын білетін, тек жақсы жағынан мінездейтінін айтты.
Сот-медициналық сараптамалары бірнеше рет жүргізіліп, мамандардан түсініктемелер алынды. Ақыры 2015 жылдың 5 ақпандағы №275 санды қайталама комиссиялық сот-медициналық сараптама сарапшыларының қорытындысына сәйкес, М. Салиховтың сол жақ құлағындағы дабыл жарғағының травматикалық жарақаттары нәтижесінде есту қабілеті төмендеп, бірінші деңгейлі құлақ кондуктивтік мүкістігі дамыған.
Сот үкімімен М. Нажимов айыпты деп танылып, оған 4 жыл шартты мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Ол жәбірленушілер М. Салиховтың пайдасына 150 мың теңге материалдық шығын, 500 мың теңге рухани залал, ал, Ж. Ищановқа 150 мың теңге материалдық, 300 мың теңге рухани шығын өндіріп беруі тиіс.
- Мен әділдікке қол жеткізу үшін бір жыл бойы табанымнан тоздым. Сот-медициналық сарапшылар қорытындысын нақтылау оңай болған жоқ. Бір сарапшының қорытындысы жеткіліксіз болды, екіншісінің сертификаты жарамсыз болып шықты. Әділдікке қол жеткіздік, жазықсыз күйіп кете жаздаған балаларды қорғап қалғаным жұбаныш, - дейді С. Салихов.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА