"Ислам мемлекеті" ұйымының Грузиядан шыққан жетекшілерінің бірі Тархан Батрашвили. АҚШ «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымының төрт жетекшісінің қайда екені туралы ақпарат бергендерге 20 миллион АҚШ долларын тікті.
Мемлекеттік департаменттің хабарлауынша, "Әділеттік марапаты" деп аталатын бағдарлама бойынша "Ислам мемлекеті" ұйымы басшылары - Абд әл-Рахман Мустафа әл-Кадули туралы ақпаратқа жеті миллион, Әбу Мұхаммед әл-Аднани мен Тархан Батрашвили туралы ақпаратқа бес миллионнан, Тарик бин-әл-Тахар бин әл Фалил әл-Куни әл-Харзи туралы ақпаратқа үш миллион АҚШ доллары тігілген.
Мемлекеттік департамент ақпаратына қарағанда, Кадули бұған дейін Ирактағы "Әл-Қаидамен" байланысы бар топтың мүшесі болған. Әл-Аднани - "Ислам мемлекетінің" баспасөз хатшысы. Батирашвили - Сирияның солтүстігіндегі содырлардың командирі. Харзи - Сирия мен Түркия шекарасына жақын аймақтағы содырлық топтардың жетекшісі.
Дереккөз: Азаттық радиосы