АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Джефф Ратке. Вашингтон Иранның инвестиция салуға әлі дайын емес екенін мәлімдеді. АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Джефф Ратке бұл туралы ирандық ақпарат агенттіктерінде тараған "Тегеранға инвестиция мәселелерін талқылау үшін АҚШ делегациясы келе жатыр" деген ақпаратқа байланысты түсінігінде айтты.
Ратке мәлімдемесінде Иран ақпарат құралдарында тараған мәліметтің растығы туралы айту қиын екенін, себебі онда АҚШ-тың нақты бір компаниясы немесе өкілі көрсетілмегенін айтты. Ол бұған қоса Вашингтонның санкция талабы бұзылған жағдайда қажетті шаралар қабылдауға дайын екенін де жеткізді.
АҚШ-тың Иранға салған санкциялары бойынша америкалық компанияларға Тегеранмен сауда-экономикалық қарым-қатынас орнатуға және Иранның мұнай секторына инвестиция құюға тыйым салынған.
Иранның Mehr агенттігі бірер күн бұрын Тегеранға америкалық делегация келетіні туралы хабарлаған. Агенттік бұған қоса Иранның мұнай өнеркәсібі министрі Аббас Шери-Могхаддамға сілтеп, санкция алынғаннан кейінгі ынтымақтастық қалай боларына болжам жасаған.
Ал кеше Франция мен Сауд Арабиясы басшылары Иранның әлемдік алты державамен ядролық бағдарламасына қатысты бұдан ары жүргізетін келіссөзі аймақта және Иранмен көршілес елдерде тұрақсыздық орнатпауы тиіс деп мәлімдеген. Франция президенті Франсуа Олланд бүгін өтетін Парсы шығанағындағы араб елдері басшылары саммиті қарсаңында Сауд Арабиясының королі Салманмен кездескен. Араб елдері шииттік Иранмен жақын қарым-қатынас орнату аймақтағы жағдайды одан ары тұрақсыздандырады деп қауіптенеді.
"Араб елдері санкциялар алынса Иран аймақтағы барлық ықпал ету құралын қаржыландыра алатын жағдайға жетеді деп кәдімгідей қауіптеніп отыр" деді Олланд.
Иран мен әлемдік алты держава өткен айдың басында Тегеранның даулы ядролық бағдарламасын шектеп, есесіне санкцияны жеңілдету туралы алдын-ала келісім жасасқан.
Дереккөз: Азаттық радиосы