Атырау, 28 қараша 10:40
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

​Бақтықожа Ізмұхамбетов: «Әкімдіктің ешқандай «құпиясы» жоқ»

2 386 просмотра

Image 0Облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында Б. Ізмұхамбетов өз баяндамасының көп бөлігін «АЖ» тілшісі Зульфия Байнекееваның «Әкімдіктің екі құпиясы-2: «Заңдастыру» операциясы» мақаласына арнады.

«Мен республикалық та, жергілікті де баспасөз басылымдарының барлығын оқимын. Бүгін таңертең «Ақ Жайық» газетінің Салтанат сарайы туралы кезекті мақаласын оқыдым. Әріптестерім тілшіге Салтанат сарайына қатысты қажетті ақпараттарды жеткілікті түрде бермеген сияқты.

Біз неге салдық? 2013 жылдың аяғында келесі Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы Атырауда өтетіні белгілі болды. Орынбасарларыммен ақылдаса келе, қаламызда осындай ауқымдағы іс-шараны өткізетін ғимарат жоқ деген ұйғарымға келдік. Мен үкіметке шықтым. Президент әкімшілігі мен үкімет қызметкерлерінен комиссия құрылып, олар осындай кең ауқымды іс-шараны Атырау өткізе ала ма деген сұраққа жауап іздеді. Комиссия қалада форум өткізуге лайықты ғимарат жоқ деп қорытынды шығарды.

Бұл ғимарат алға қарай да осындай республикалық және облыстық мәндегі іс-шараларды өткізу үшін де салынғанын атап өткім келеді. Форум аяқталғаннан кейін біз бұл ғимаратта бірнеше іс-шаралар өткіздік.

Тағы бір назар аударатын жайт. Мақалада ғимарат 1,9 млрд теңге тұрады және Оралдағы осындай ғимараттан 400 млн теңгеге қымбат деп жазылған. Иә, мен Оралдағы Салтанат сарайын салу тәжірибесін пайдаландым. Өйткені ол да менің бастамаммен салынған еді. Оның ішінде не болу керектігін қағазға түсірдім, содан кейін ғана жобалаушылар жобаны дайындады. Оралда ғимарат салынып болғаннан кейін мен кейбір жіберілген қателіктерді байқадым. Бұл қателерді Атырауда Салтанат сарайын саларда ескердім. Қараңыздар, Атыраудағы нысан көлемі мен сапасы жағынан қатты өзгеше: іргетасы биік, ғимараттың биіктігі үлкен, ішкі безендірулері де басқаша жасалған. Жиһаздарына дейін қымбат. Бұл ең қымбат италяндық жиһаз.

Мұндай ғимаратты артық ақшамыз болғандықтан салған жоқпыз дегім келеді. Біз «мұнайлы астананың» осындай деңгейде өмір сүріп жатқанын көрсеткіміз келді. Бет-бейнемізді көрсеткіміз келді.

Тағы бір жайт. Бұл ғимарат мемлекетке пайда түсіру үшін немесе жеке мақсаттар үшін салынған жоқ. Біздің басты мақсатымыз құрылыс аяқталғаннан кейін ғимаратты жалға беру болатын. Әзірге арендаға беру рәсімі толықтай аяқталған жоқ, барлық шығындар нысанды салған мердігер компаниялардың мойнында болды. Енді ғимарат арендаға берілгеннен кейінгі біздің мақсатымыз - оның түрін жоғалтып алмау. Өйткені, бұл - қымбат нысан. Біз оны кімге жалға берсек те, кезінде президенттің көзінше қалай қабылдап алдық, қашан да сол күйінде көруіміз керек. Жалға бересің, екі жылдан кейін азған күйінде кері қайтаратын, жалға төлеген ақылары жөндеу жасауға жетпейтін жағдайлар да болған.

Біз бұл ғимаратты қашан да өзіміздің ірі іс-шараларымызды өткізуге пайдаланатын боламыз. Бұл сәттер басынан бастап ескерілді. Мақалада осы ғимаратты қамтамасыз етуге бюджеттен қанша қаржы бөлінеді деген сұрақ болды. Бір тиын да. Өйткені біз оған ақша жоймас үшін, азып кетпеуі үшін оны жалға бердік. Әрине, аренда үшін төлеген қаржы бюджетке түсіп отырады. Мен мұның барлығын ақталу үшін немесе қайдағы бір күдікті сұрақтарға жауап беру үшін айтып отырған жоқпын. Неге «күдікті»? Өйткені газеттің бірінші бетіне «Әкімдіктің екі құпиясы...» деп жазулы тұр. Әкімдіктің ешқандай «құпиясы» жоқ, барлық мәселелерді біз ашық шешеміз.

...Мен ешқашан «көз бояу» есеп берген жоқпын. Атырауға алғаш келген жылымда 2012 жыл үшін жұртшылық алдында есеп бердім. Жасыратыны жоқ, маған қызметкерлерім келіп, кім не айтатыны, қандай сұрақтар дайындалғаны жөнінде тізімді көрсетті. Мұны неге жасадыңыздар деп сұрадым. Олар есеп беруді тиянақтылықпен өткізу керек-мыс деп жауап берді. Мен ешқашан бұлай жасауға жол бермегенмін. Жиналыстарда барлық сөйлегісі келген адамдар сөз алып, кез-келген сұрақ қоя алады.

Алға қарай, егер кімде ұсыныстар болса - мен бұрын да айтып жүрмін - келіңіздер, хабарласыңыздар. Қазір жүзеге асып жатқан жобалардың барлығы – менің идеям және ол сіздердің түсінікпен қарауларыңыз бен көмектеріңіз арқылы алға басады. Егер біреулердің белгілі бір жоба бойынша күмәні болса, ол баршамыздың қателігіміз. Барлық жобалар жақсы жалғаса беретіндігіне сенімдімін. Өйткені барлығы да керек жобалар».

Жазып алған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

5 мамыр 2015, 12:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.