Бостон марафонындағы жарылыстарды ұйымдастырды деп айыпталған Джохар Царнаевтың туыстары Бостон федералдық сотында жауап берді. Соттың бұл екінші кезеңінде алқа судьялары Царнаевқа я өлім жазасын, я өмір бойы түрмеде отыру жазасын тағайындауды шешпек.
Царнаевтың ағайын әпкесі Найда Сулейманова сотта Джохардың ағасы Тамерлан Царнаевтың 2012 жылы Ресейге барғанында "анық жеккөрушілік" сезімінде болғанын айтты. Ол Тамерланның экстремистік көзқарасты қабылдағанынан үрейленіп қалғанын да айтқан.
Адвокаттар Царнаевты "терактіні ағасы Тамерланның ықпалына еріп жасағанын" дәлелдегісі келеді. Тамерлан Царнаев 2013 жылы 15 сәуірде 3 адамның өмірін қиып, 260-тан астам адамды жаралаған екі жарылыстан соң полициямен атыста оққа ұшқан.
21 жастағы бұрынғы студент Джохар Царнаевқа 2015 жылдың басында жарылыстарды ұйымдастыру, полиция офицерін өлтіру, көлікті айдап әкетуге қатысты 30 тармақ бойынша айып тағылған. Бірақ Царнаев өз айыбын мойындамайды.
Тергеу деректері бойынша, Джохар Царнаев жарылысты АҚШ-тың Ирак пен Ауғанстанда жүргізген соғыстары үшін "кек алу мақсатында" жасағанын айтқан.
Бостондағы жарылысты тергеу ісіне кедергі келтірді деген күдікпен Царнаевтың таныстары, қазақстандық студенттер Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаев та сотқа тартылып жатыр. Оларға қатысты үкім биыл шығып қалуы мүмкін.
Дереккөз: Азаттық радиосы