Атырау, 21 желтоқсан 17:47
 ашықВ Атырау -2
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

​Алаң иелері алға шықты

2 028 просмотра

АМУ-дің «Жайық» ДСК-нде қазақ батырлары И. Тайманұлы мен М. Өтемісұлын еске алуға арналған 7-інші халықаралық турнир өтті.

Оңтүстік Қазақстан облысынан келген халықаралық дәрежедегі спорт шебері Қанат ОРАҚБАЕВ басқаратын Атырау облысының құрама командасы бұл жолы ұтқан жүлдері бойынша өз рекордын жаңалады, олардың қоржынында төрт «алтын» және екі «қола» бар.

- Рингте Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызия, Монғолия және Қытай сияқты елдердің бокс мектептері кездесті. Бұл турнирдің жоғары спорттық деңгейін қамтамасыз етті,- дейді Қ. Орақбаев.

Атыраулық жаттықтырушы Мейрамғали Абсеновтың 69 келіге дейін салмақта өнер көрсететін 18 жастағы шәкірті Амандық МАНАШЕВ (суретте) турнирде жасындай жарқылдады. Осы салмақ дәрежесінде 28 жастағы Азамат ДОСМАҒАМБЕТОВ те шаршы алаңға шығып, қытайлық спортшы Тахимайматиді сенімді түрде жеңді.

Жартылай финалда жеребе екі атыраулықты бір-біріне қарсы қойды. Атырау боксының екі екі толқынының айқасы қатты тартысты ола қойған жоқ, соққылар аз жұмсалды. Бәрі кездейсоқ аяқталды: екінші раундта Азаматтың ескі жарақаты сыр беріп, секунданттары алаңға орамал лақтырды. Осылайша А. Досмағамбетов қола жүлдегер атанды. Финалда Амандық тәжірибелі қырғыз боксшысы Еркінбек Болатбекұлымен қолғап түйістіріп, кескілескен айқаста қарсыласынан басым түсті. Осылайша ол турнир жеңімпазы атанып, ҚР спорт шеберлігі нормативін қорғады.

Көрермендер үшін ең қызықты айқасты Рашид САЛАУАТОВ (52 келіге дейін) көрсетті. Жартылай финалда ол оралдық Мейрамбек Мажитовты екі рет нокдаунға жіберді. Рашидтің ауыр соққыларын бойына дарытқан көрші облыстың шәкірті айқас соңына дейін әзер шыдады. Финалды да жерлесіміз осындай шабуылдаушы мәнерде өткізіп, айқас барысында Монғолиядан келген қазақ Асқар Нұрланды нокдаунға жіберді.

Рашидтің жаттықтырушысы Генадий СМОРОГОВ (суретте) былай дейді:

- Финалдық айқас өте ауыр болды. Екі апта бұрын Рашид оң қолын ауырытып алған. Турнирге қатысуы да соңғы уақытқа дейін белгісіз болды. Алайда Рашид шықты. Турнирде ол қарсыластарын сол жақ қапталдан ұрып, нокдаунға жіберді. Енді біз 18 мамырда Талдықорғанда өтетін Қазақстан халықтарының спартакиадасына дайындаламыз.

- Генадий Евгеньевич, сізді білмейтіндер үшін өзіңіз туралы айтыңызшы.

- Мен өзімнің жаттықтырушылық тәжірибемде екі халықаралық дәрежедегі спорт шеберін – Берік Мұратов пен Владимир Ульяновты тәрбиеледім. Қазір олар спорттық карьераларын аяқтады. Сондай-ақ оннан аса КСРО спорт шеберлері де менен тәлім алды. Менің ең үздік шәкіртерімнің бірі – Шамиль Мұсағалиев. Ол І Бүкілодақтық жасөспірімдер ойынының күміс жүлдегері. Өкінішке орай, кейін ол Ресейге көшіп кетіп, байланысты үзіп алдық. Енді міне, жарқылдап Рашид шықты...

60 келіге дейін салмақта Ержан ОРДАБАЕВ турнир жеңімпазы атанды. Ақтық айқаста қарсыласы ресейлік Надырхан Загитов рингке шықпады. Облыс қоржынына төртінші алтынды 91 келіге дейін салмақта Рахман ӘЛЖАНОВ салды. Ол финалда өзбекстандық Рамжан Ахмедовты жеңді.

91 келіден жоғары салмақта Есенаман ШОНҒАРИН қола медаль алды. Тартысты өткен жартылай финалда ол қарағандылық Асылхан Тухтаевқа есе жіберіп қойды.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

4 мамыр 2015, 16:19

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.