15 мамырда Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінде Бүкіләлемдік кәсіби кикбоксинг ұйымдары қауымдастығының (WAKO-PRO) қолдауымен алғаш рет кәсіпқойлар арасында Азия чемпионы атағына айқас өтеді. Онда жерлесіміз, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2013 жылғы әлем чемпионы, 2012 жылғы Азия чемпионы, Әлем кубогының 4 дүркін иегері Абзал ЖҮСІПОВ (суретте) пен 2011 жылғы әлем чемпионы иорданиялық Адай ӘЛИ кездеседі.
Айқас «Қазақстан құрамасы - әлем құрамасы» матчтық кездесуінен кейінгі кибоксинг кеші аясында өтеді. Біз Абзалмен хабарластық. Ол 1 мамырда облыс құрамасының аға жаттықтырушысы Данияр ЖҮСІПОВПЕН бірге Астанаға өтетін оқу-жаттығу жиынын өткізуге кетеді.
- Абзал, көңіл күй қалай, сен бұрын Адай Әлимен рингте кездестің бе?
- Сақадай саймыз. Медициналық тексеруден өттім, бәрі ойдағыдай. Данияр мені жекпе-жекке дайындап жатыр. Адаймен бұрын кездескен жоқпыз. Кикбоксшылардың әлемдік рейтингінде 60 келіге дейін мен біріншімін, екінші орында Александр Зайцев, үшінші орында Адай Әли тұр.
- Айқас қандай формулада өтеді?
- Бұл кейін шешіледі. Адай екеуміз жеребе суырамыз. Кім жеңеді, сол екі нұсқаның бірін – 3 минуттан 5 раунд немесе 2 минуттан 10 раунд – таңдайды. Қарсыласымды кездесудің алғашқы жартысында шаршатып, содан кейін ғана шабуылға шыққым келеді.
- Секундатың кім болады?
- Менің ұстазым – Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы Сүндеткерей ҚАСАНҒАЛИЕВ.
- Жеңімпазға қандай гонорар тігілді?
- Біз бұл мәселені ұйымдастырушылармен әлі келіскен жоқпыз. Мен үшін кәсіби рингке алғаш шығуым маңызды.
Айқас Астана уақытымен сағат 19-да басталатынын айтып кетейік. «KAZsport» телеарнасынан көрсетілімді күтіңіздер.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ