Атыраудағы бірнеше балабақшаның тәрбиеленушілері 9 мамыр қарсаңында ардагерлерге жүрекке жылы тиетін сыйлық жасады. Кіші Өнер академиясында өткен концертте бүлдіршіндер аталар мен әжелерге олардың сүйікті әндерін орындап берді.
«Землянка» әні қазақ тілінде де шырқалды, «Довоенный вальс», «Первым делом - самолеты», «Бейбіт күн тілегі» және сол жылдардағы тағы да басқа көптеген әндер орындалды. Балалардың әрбір сахнаға шығуын ойластырған концерт ұйымдастырушылардың еңбектерін мойындау керек. «Довоенный вальс» әні айтылып жатқан кезде сахнаға 40-жылдардың стиліндегі бұршақ суретті қайырма жағасы бар көйлектер киген қыздар шықты. «Землянканы» балалар әскери форма киіп орындады: бірі қаруды тазаласа, енді бірі түсіп бара жатқан таңғышты дұрыстап, медбикелер жаралыларды таңып жатты. №1 АДГ тәрбиеленушісі Ақерке БАУЫРЖАНҚЫЗЫ ардагерлерімізге арналған «Атыраулық ардагерлерге арнаймын» деген өлеңді мәнерлеп оқыды. «Яблочко» теңізшілер биін балалар әсерлі билеп шықты.
- Қойылымға бір айдан астам уақыт әзірлендік, репертуарды, костюмдерді мұқият іріктедік, - дейді концертке қатысқан балабақшалардың бірінің басшысы, №1 авторлық мектепке дейінгі гимназияның директоры Алтынгүл ӨТЕБАЛИЕВА. – Балаларымыз өз ата-бабаларының ерлікке толы өткені туралы көп біледі. Біз бұл туралы сабақтарда үнемі айтып отырамыз, балабақшаға ардагерлерді шақырамыз.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ