Атыраулық шеберлер Астанада өткен қазақстандық киім және оның аксессуарлары дизайнерлерінің көрмесінен оралды.
Көрмеге еліміздің әр өңірінен модельерлер мен дизайнерлер келді, ал, біздің облысымыздан «Handmade Атырау» қоғамын ұйымдастырушы ретінде танылған Ғалима КУЛЬЧИКОВА, Ирина НЕЙБАРТ, Тоғжан ТАСЕНОВА және Жанар САҒИТЖАНОВА барды.
Ж. Сағитжанова көрмеге табиғи тастар мен итальяндық теріден жасалған қайталанбас аксессуарларын алып барды.
- Көрмеде аксессуарлар көп болды, алайда ешкімде Жанардікіндей болмады, - дейді модельер И. Нейбарт (суретте). – Көпшілігі заттарымызды көріп, қызығушылық танытты. Барлығы да коллекцияның табиғи итальяндық теріден жасалғанына таңданып жатты. Қолдарымен ұстап, иіскеп қарап, сатып алып жатты...
Иринаның өзі көрмеге ерекше ойланып тігілген көйлектерін апарды.
- Мына көйлек ауадан тігілген сияқты... Ал, мына көйлектер ана мен қызына арналған, олар бір-біріне ұқсайды, алайда аздап өзгешеліктері де бар, екеуі де нәзік реңкте тігілген, - дейді Ирина өз туындыларын масаттана көрсетіп. Олар расымен де керемет екен! – Ал, біздің Ғалима негізінен ұлттық стильде тігеді, оның атағы Атырау облысынан шығып кеткелі көп болды. Тоғжанның бұйымдарының әдемілігі соншалық, оны тілмен жеткізе алмайсың, көзбен көру керек...
Қыздардың кейбірі модельерлік және дизайнерлік өнерді жаңа бастап жатса да, көрменің басқа қатысушыларымен бөлісер нәрселері көп болды. Біздікілер де біраз нәрсені үйреніп келді.
- Атырауда көптеген адамдар қалай жақсы киінуге болады, қандай киімге қандай аксессуарлар сәйкес келеді деп көп сұрайды, бұл – жақсы үрдіс, - дейді қыздар. – Уақыт өте келе біздің қаламызда да осындай үлкен көрмелер, сән көрсетілімдері ұйымдастырылар. «Атыраулық модельер» деген атау сапа белгісіне де айналар. Қалай болғанда да, біз бұған қол жеткізуге тырысамыз.
Анастасия ПАСТУХОВА
Суретті түсірген автор