Атырау, 21 желтоқсан 18:26
 ашықВ Атырау -2
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Спорт жаңалықтары

4 370 просмотра

Қазақ күресі

Image 0ҚІІБ плацында полиция және құтқару қызметі бөлімшелері арасында кір тасын көтеру спорты мен қазақ күресінен облыстық біріншілік өтті.

Кір тасын көтеру жарысына 55 атлет қатысты. Өз салмақ дәрежелерінде Есбол Қапсалимов, Нұрғали Шахуов, Асылжан Мамбетов, Ерсейіт Бралин және Ержан Аханов жеңімпаз атанды. Бұл спорт түрінде құтқарушылар мүмкін болар 5 «алтынның» төртеуін алып, өз мықтылықтарын көрсетті. А.Мамбетов 32 келілік кір тасын 210 рет көтерсе, Е. Ахановқа жеңіс үшін 150 рет көтеру жеткілікті болды.

Қазақ күресінен абсолюттік салмақ дәрежесінде (түйе палуан) барлық жүлделі орындар полиция қызметкерлеріне бұйырды. Бас жүлдеге тігілген қойды Қызылқоға АІІБ қызметкері Жеткізген Аманжолов (суретте оң жақта), 2-орынды Аманбек Аруов, 3-орынды Арғын Сабыров (екеуі де ІІД командасынан) алды.

Суретті «Динамо» СҚ ұсынды

Бокс

Түркістанда 1997-98 ж.т. жастар арасында олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған бокстан халықаралық турнир өтті.

56 келіге дейінгі салмақта Мақат ауылының жас боксшысы Қазбек Сапенов «алтын» ұтып, ҚР спорт шеберінің нормативін орындады. Жеңімпазды Әділет Дүйсебаев пен Жандос Жұмабеков жаттықтырады.

Жекпе-жек

Алматыда «Alem Fighters» кәсіби спорт клубының қолдауымен «Kunlun Fight» нұсқасы бойынша аралас жекпе-жектен әлемдік Гран-при өтті.

«Супербой» санатында 66 келіге дейінгі салмақта сегізбұрышқа облыстық жекпе-жек федерациясының президенті Асқар Үмбетов шықты. Оған қарсылас ретінде АҚШ спортшысы Кули Разовский шықты. Үшінші раундта атыраулық қарсыласының аяғынан өтіп құлатып, берілуге мәжбүрледі.

- Бұл менің кәсіпқойлар арасындағы үшінші айқасым. Жеңісім үшін мені Кубокпен және 1000 доллар көлеміндегі ақшалай сыйлықпен марапаттады. Бұған дейін мен Қытай спортшысын жеңіп, Жапония өкілінен жеңілген едім. Келесі айқасқа маусым айында шығамын, - дейді А. Үмбетов. – Тайланд пен Алматыда өткен оқу-жаттығу жиындарына бару сапарымды қаржыландырған «Каспий мұнай» АҚ басқарма төрағасы Абайылданов Бекзат Қалышбекұлына және «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалының төрағасы Әзмұханов Қанат Қадыржанұлына үлкен алғысымды айтамын.

Спорттық шоу аясында тағы бір атыраулық спортшы, А. Үмбетовтың шәкірті Нұрберген Шарипов өнер көрсетті. Ол Қытай өкілін ұпай санымен жеңді.

Футбол

Image 1«Атырау» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде колледж оқушылары арасында Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған мини-футболдан облыстық турнир өтті.

Турнирге 10 команда қатысты. Қорытындысында 1-орынды медициналық колледж, 2-орынды политехникалық колледж, 3-орынды Қ. Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледж командалары алды. Үздік ойыншылар: қақпашы – Қуандық Құлмажитов (медколледж), шабуылшы - Данияр Теміров (политколледж), қорғаушы - Амангелді Нұралы (медколледж).

Бокс

Шымкентте бокстан әйелдер арасында ҚР чемпионаты өтті.

48 келіге дейінгі салмақта атыраулық спортшы Алмагүл Шариева «қола» иеленді. Оны Алексей Юн мен Әлібек Көшенов жаттықтырады.

Футбол

Футболдан ел чемпионатының кезекті турында «Атырау» сырт алаңда павлодарлық «Ертісті» жеңді.

Ойынның 57-минутында есепті «Атыраудың» камерундық жартылай қорғаушысы Стефан ЭССАМЕ ашты. Он минуттан кейін алаң иелері есепті теңестірді, алайда екі минуттан соң «Ертіс» қорғаушысы өз айып алаңында қолмен ойнап, төреші пенальти белгіледі. Айып добын орындау нүктесіне Мұрат Тілешев келіп, есепті еселеді. Атыраулық футболшылар ойын соңына дейін қорғаныста сәтті ойнап, 2:1 есебімен жеңіске жетті.

9 турдан кейін «Атырау» 15 ұпаймен 5-орында келеді.

Таэквондо

Өткен демалыс күндері «Атырау» ДСК-нде 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Арман ШІЛМАНОВТЫҢ сыйлығына, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған таэквондодан І Халықаралық турнир өтті.

Турнир үлкен үйымдастыру-шылық және спорттық деңгейде өтті, көптеген қызық айқастар болды. Атыраулық қатысушылар арасынан Динара Ұзақбаева мен Үмбет Шакиев «алтын» алса, Айгүл Елубай мен Әнуар Насихатов «күміс» иеленді. Амантұр Табылдиев пен Жұлдыз Бүркітова «қолаға» қол жеткізді. Матчтық кездесудің қорытындысы бойынша 1-орынды Атырау облысының командасы, 2-орынды Алматы облысы, 3-орынды Оңтүстік Қазақстан облысы иеленді.

Турнирге таэквондоның шыққан жері Оңтүстік Кореядан келген, ұлттық чемпионаттарының чемпиондары мен жүлдегерлерінен құралған команданың қатысуы көрерменнің қызығушылығын тудырды. Кәріс спортшылары ерлер арасында екі «алтынға» ие болып, құрама мүшелерінің бірінің жарақат алуына байланысты матчтық кездесуге қатыспады.

Жарыстар арасында театрландырылған шоу қойылды. ДСК-нің орталық залында ақ және қара арғымақтарымен Жәнібек пен Керей хан нөкерлерімен шеру құрып шықты. Концертке белгілі күйші Асылбек Еңсепов қатысты.

Турнир аяқталған соң А. Шілманов былай деді:

- Бұл - Атырау облысында өткізіліп тұрған таэквондодан алғашқы кең ауқымды турнир. Ол 2014 жылы құрылған Спорттық жекпе-жектер қауымдастығы қаражатына ұйымдастырылды. Демеушіміз – «Ембімұнайгаз» АҚ. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медальдармен бірге «айфондар» және «айпадтар» тарту етілді. Командалық есепте бірінші орын алғандар 500 мың теңге, 2-орындағылар 300 мың теңге, 3-орын иеленгендер 150 мың теңге алды.

Айгүл Елубай мен Динара Ұзақбаева - ҚР құрамасының мүшелері. Айгүл мамыр айында Челябинскіде өтетін лицензиялық әлем чемпионатында ел намысын қорғайды. 2016 жылғы Олимпиадаға қатысу үшін сол жерде ұпай жинауы қажет.

Дене тәрбиесін дамыту орталығының қолдауымен «Ривьера» стадионында 2002-03 ж.т. оқушылар арасында футболдан «Былғары доп» облыстық біріншілігі өтті.

Жарысқа Құрманғазы ауданынан басқа облыстың барлық аудандарының және Атырау қаласының командалары қатысты. Турнир қорытындысында 1-орынды Исатай ауданының, 2-орынды Атырау қаласының, 3-орынды Индер ауданының командалары алды. Үздік ойыншылар: Әлішер Ғазизов (Индер ауданындағы Уәлиханов орта мектебі), алаңдағы ойыншы – Әділет Қуанышқалиев (Атырау қ., Тайманұлы атындағы орта мектеп).

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

Стритбол

Image 224 сәуірде «Атырау» ДСК-нде 1997-98 ж.т. жасөспірімдер арасында стритболдан («көше» баскетболы) іріктеу турнирі өтті.

Жарысқа облыс орталығы мен аудандарынан 16 команда қатысты. 1-орын мен 3 мамырда Алматыда өтетін ел чемпионатының финалына жолдаманы құрамында Ілияс Жүнісов, Әлішер Төлеуов, Артем Парфенов және Асқар Табешев ойнайтын «Jillz» командасы ұтты. Шешуші ақтық ойында олар «All days» командасын 17:15 есебімен жеңді.

Командалар турнирді өткізуге көмектескен облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Н.М. Ермұханов пен Қазақстанның Стритбол лигасының президенті Н.Ж. Құсайновқа алғыс айтады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

30 сәуір 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.