Алда келе жатқан мереке күндеріндегі спорттық жарыстар, болашақ жоспарлар, хоккей жаттықтырушысы Александр Истоминнің алдағы тағдыры туралы облысымыздың дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Нұржан ЕРМҰХАНОВ (суретте) әңгімелеп берді.
ЧЕМПИОНАТТАР, АКАДЕМИЯЛАР, ШОУ...
- Алдымен алда болатын жарыстар туралы айтайық: 28 сәуір мен 1 мамыр аралығында АМУ-дің «Жайық» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде (ДСК) қазақ батырлары Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлын еске алуға арналған «А» сыныпты бокс турнирі өтеді. Оған Қытай, Ресей, Моңғолия, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қазақстанның былғары қолғап шеберлері қатысады; 8-9 мамырда «Жайық» ДСК-нде Биғамбаевты еске алуға арналған жасөспірімдер арасында еркін күрестен халықаралық турнир өтеді; 9-10 мамырда «Атырау» ДСК-нде грек-рим күресінен ҚР чемпионаты; 9 мамыр – «Мұнайшы» стадионынан Азаттық, Сәтпаев көшелері бойымен Жеңіс саябағына дейін (8 шақырым) жеңіл атлетика жарысы өтеді; 14 мамырда «Атырау» ДСК-нде қазақ күресінен облыс чемпионаты өтіп, республикалық «Қазақстан Барысы» турниріне қатысатын палуандар іріктеледі.
1-6 шілдеде Атырауда Асқар Құлыбаевтың жүлдесіне «А» сыныпты халықаралық турнир өткізу жоспарлануда.
Келесі жылы жастар арасында КСРО-ның 5 дүркін чемпионы, 7 дүркін Қазақстан чемпионы Болат Теміровтың жүлдесіне бокстан республикалық турнир өткізуге қатысты ойлар бар. Сонымен қатар, қазақ күресінен Каспий маңы елдері өкілдері арасында «Каспий Барысы» халықаралық турнирін өткізу туралы мәселе қаралып жатыр.
Биыл Атырауда қазақ күресінен ересектер арасында ҚР Кубогын өткізу жоспарлануда. Келесі жылы таэквондодан ҚР чемпионаты өтуі мүмкін. Олимпиада чемпионы Владимир Винокуровтың қатысуымен вело жорығын өткізу де жоспарымызда бар.
Атырау кикбоксинг мектебінің 20 жылдығына арналған Ресей және Қазақстан құрамаларының қатысуымен қызықты спорттық іс-шара ұйымдастырылды. Матчтық кездесу жоғары деңгейде өтті. «Атырау» ДСК-нде ине шаншар жер болмады.
Айтпақшы, 15 мамырда Астанада жерлесіміз Абзал Жүсіповтың қатысуымен кикбоксингтен Азия чемпионы атағы үшін титулдық айқас өтеді.
Атырауда алғаш рет белгілі полиграфшы А. Тоғаевты еске алуға арналған әскери самбодан халықаралық турнир өтті.
Секцияларға қатысатын спортшылар көбейді. Спортты дамытуға көмектескісі келетін кәсіпкерлер саны өсіп келеді.
Осы жылдан бастап облысымызда Жекпе-жек қауымдастығы жұмыс жасай бастады. Оның төрағасы болып 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының жүлдегері Арман ШІЛМАНОВ сайланды. Арманның олимпиадалық «қоласы» басқа өңірлерде таэквондоның дамуына жақсы әсер етті, алайда бізде үлкен нәтижелер жоқ. Арман өңіріміздегі спорттың дамуына қолдау көрсетіп келеді. Оның жүлдесіне Атырауда Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған халықаралық турнир ұйымдастырылды және жоғары деңгейде өтті. Әртістер қазақ салт-дәстүрлерін, қазақ хандарының, қарапайым адамдардың өмірінен көріністер көрсетті. Бұл турнирді Корея, Моңғолия және Тәжікстаннан келген қонақтар жылы еске алып жүреді деп ойлаймын.
Біз Стройконторадағы 3-БЖСМ базасында мамандандырылған бокс мектебін ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл спорттың осы түрін дамытуды бір жерге шоғырландыруға мүмкіндік береді. Мамандандырылған бокс мектебі Қазақстанның барлық облыстарында бар.
- 3-БЖСМ-де дамып жатқан волейбол, баскетбол сияқты басқа спорт түрлеріне не болады?
- Басқа БЖСМ-дерге бөлеміз.
Біз жоғары спорт шеберлігі мектебін (ЖСШМ) аштық. Осының арқасында 20-дан асқан спортшылар спортпен шұғылдануды жалғастыру мүмкіндігін алды: жалақы алады, бюджеттің есебінен жарыстарға барады.
Қысқы спорт түрлері (хоккей, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау) бойынша академия ашылды. Волейбол академиясын ашу жоспарымызда бар. Республика бойынша волейбол мен баскетболдан жақсы нәтижелер бар екенін айтып өтейін.
Нұрсая ықшамауданында үлкен және үстел теннисі орталығы салынады. Үстіміздегі жылдың мамыр айында мердігер таңдау тендері өтуі керек. Жоба бойынша бұл орталықтың ішінде үлкен тенниске арналған 4 корт, сыртында да осындай корттар болады.
Орталық жүзу бассейнінде суға секіруден секция ашылды. Қазірдің өзінде алғашқы нәтижелер бар: суға секіруден Қазақстан чемпионатында 5 алтын және 3 күміс медаль алынды.
Балалар бассейнге қызығушылықпен келе бастады. Балалар 2008 жылғы Олимпиада жүлдегері Алексей Пригоров пен Еуропа чемпионы Антон Захаровтар сияқты суға секіргісі келеді. Жұлдыздарды украиндық бапкер Владимир Молчанов жаттықтырады. Тағы бір балалар жаттықтырушысын жұмысқа алуды жоспарлап отырмыз.
«ИСТОМИН МӘСЕЛЕСІ ӘЛІ ШЕШІЛГЕН ЖОҚ»
- Нұрсая ықшамауданының тұрғындары аудандағы жалғыз спорт мектебі ЖСШМ-ге, яғни, ересек спортшылардың жаттығу жасауына берілгеніне наразы. Балалар қайда жаттығады?
- ЖСШМ ашылды және Геологтағы 4-БЖСМ ғимаратында орналасқан. Нұрсаядағы спорт кешенінің құрылысы әлі аяқталған жоқ. Қазір мен ол жерде қандай спорттық нысанды орналастыру тиімді болатынын айта алмаймын. Спорт кешені өте үлкен – 6 үлкен жаттығу залы мен бір волейбол залы бар.
- Атырауда қанша олимпиадалық лицензияға үміткер бар?
- Мамыр айында Бакуде өтетін дзюдодан Үлкен Дулыға сериясына Асхат Телманов пен Сұңғат Закарияев барады. Егер жолдары болса, олар тамызда Астанада өтетін әлем чемпионатына жолдама алады. Осы уақыт шамасында еркін күрес шеберлері Азамат Өміржанов пен Айдарбек Баймұратов Дағыстанға Әли Әлиевті еске алуға арналған халықаралық турнирге барады. Турнир жүлдегерлері қыркүйекте Лас-Вегаста өтетін әлем чемпионатына барады. Азаматтың осы турнирді де, әлем чемпионатын да жеңуге барлық мүмкіндігі бар. Таэквондошылар арасында да Олимпиадаға баруға үміткерлер бар. Қазір атыраулық барлық спорт қауымдастығы жерлестерінің осы жолдамаларды алуына жанкүйерлік танытып отыр.
- Спортзалдардың жетіспеуі мәселесі қалай шешіліп жатыр?
- Облыс әкімінің арқасында аудандарда екі ДСК салу, бес ескі стадионды қайта салу және екі жаңа стадионның құрылысын бастау мәселесі шешілді. Томарлы ауылында футбол алаңы, баскетбол залы және теннис корты бар жеңіл атлетикалық стадион салу мәселесі шешіліп жатыр. Құрманғазы ауданының Байда және Шортанбай ауылдарында шағын ДСК-лер құрылысы басталды. Жылыой ауданында осындай үш нысан салу жоспарда бар.
Қазақстан үстел теннисі федерациясының президенті болып табылатын облыс әкіміне алғыс айтқым келеді. Күні кеше белгілі болғандай, жерлесіміз, мұнайшы Сәрсенбек Мұңбаев 65-69 жыл жас санатындағы ардагерлер арасында үстел теннисінен ҚР чемпионатында қола жүлдегер болды.
Өткен жылы Атырауда «көкпар» ұлттық ойынынан ересектер және жастар командалары құрылды. Биыл олар ҚР чемпионатында бес үздік команданың қатарына қосылады деп үміттенеміз.
«Атырау» футбол командасы да биыл жақсы өнер көрсетуде, көзім тиіп кетпесін...
- Облыстық «Бейбарыс» хоккей клубының бас бапкері Александр Истоминнің алға қарайғы тағдыры қалай болады? Жанкүйерлердің айтуынша, хоккей клубының басшылығы өткен маусымдағы команданың нәтижесіне еш риза емес.
- Мәселе әлі шешілген жоқ. «Бейбарыс» жанкүйерлері команданың тек жүлделі орындарда болғанына үйреніп қалған. ҚР чемпионатында 4-орын алу жаман нәтиже емес деп ойлаймын. Командамыз сырт алаңда қалай ойнайтынын барып көргенмін. Команда жеңіс үшін бар күштерін салып бақты. Истомин қала ма, әлде жаңа бапкер келе ме, нақты айта алмаймын.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Сурет "ЖС" мұрағатынан алынды