– Скутерді жүргізу үшін жүргізуші куәлігі керек пе?
azh.kz сайтынан
Сұраққа ҚР ІІМ сайтында ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің баспасөз хатшысы Ирина ЛУКЬЯНИНА жауап береді: «Жол жүрісі туралы» заңға сәйкес, ең жоғары конструктивтік жылдамдығы сағатына 50 шақырымнан асатын, іштен жану қозғалтқышының жұмыс көлемі 125 текше сантиметрден аспайтын және ең жоғары қуаты 11 киловаттан аспайтын мотоциклдер, трициклдер, квадроциклдер және мопедтер «А1» кіші санатындағы немесе қозғалтқыш көлемі 125 текше см-ден асатын «А» санатындағы жүргізуші куәлігіне ие болуы тиіс.
Егер бұрын қозғалтқышы 50 текше сантиметрден аспайтын мотокөлікті басқару кезінде жүргізуші куәлігі талап етілмейтін болса, енді көліктің осы санатында қозғалтқыш көлемі бойынша төменгі шектеу белгіленбеген. Басқа сөзбен айтқанда, егер сіздің мотокөлігіңіз қозғалтқыш көлеміне қарамастан жылдамдықты сағатына 50 шақырымнан астам арттыратын болса, сіздің жүргізуші куәлігіңіз болуы тиіс.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, «А1» санатындағы жүргізуші куәлігін 16 жасқа толған тұлғалар, «А» санатын – 18 жастағы тұлғалар ала алады.
Көлік жүргізуге құқық беретін жүргізуші куәлігі бар және «А», «А1» санатын алғысы келетін жүргізушілерге жүргізушілерді даярлайтын мекемелерден оқып шығып, әкімшілік полицияның тиісті бөлімшелерінде теориялық және практикалық емтихандар тапсыру қажет. Бұдан басқа, аталмыш мотокөліктің қожайындары өз көліктерін мемлекеттік тіркеуден өткізуі тиіс. Әкімшілік полицияға есепке қойып, мемлекеттік нөмір белгілерін алуы керек. Ең жоғарғы конструктивті жылдамдығы сағатына 50 шақырымнан асатын мотоциклдер, скутерлер, трициклдер, квадроциклдер мен мопедтер мемлекеттік тіркеуге жатады.
Осылайша, жылдамдығы сағатына 50 шақырымнан асатын мотокөлік құралын басқарушыда кез келген жүргізуші секілді жүргізуші куәлігі болуы және полиция қызметкерлерінің талабымен жүргізуші куәлігін, көлік құралын тіркеу туралы куәлікті, сақтандыру полисін тексеруге ұсынуы тиіс.