Атырау, 28 желтоқсан 15:20
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Сенбіде әзілқой жастар бас қосты

3 426 просмотра

Қыркүйектің 24-і күні  Атырауда  Қазақстан КВН одағының өңірдегі  филиалы ұйымдастыруымен студенттер арасында көңілділер мен тапқырлар клубының ширек финал ойыны өткізілді. Бұл ойынға он команда қатысты. Жартылай финалға жолдама алған жеті команда қалжың қалталарын сапалы әзілге толтыруға кіріседі.

«Жас талап», «Теңдік», «Позитив», «Сүт», «Космос», «Қызылқоға», «Атыраустан», «Еркінқала», «Өзіміздің жігіттер», «ПСК пысықтары» КТК командалары сахнада сөз жоқ, өз қалжыңдарымен есте қалуға тырысып жатты. Алайда, осылардың ішінде ерекшеленген бір команда бар. Ол – «Еркінқала» командасы. Бұл ойыншылар былтыр мектеп лигасында чемпион атанған болатын. Ал осы студенттер лигасының ширек финалында олар құрама команда ретінде қатысып отыр.

Бұл ойында «Позитив» командасын да ерекше атап айтуға болады. Қыз бен жігіттің арасында болған күлкілі жайттарды қызықты жеткізе білді. Сондай-ақ, өздерінің орыстілді команда екендігіне қарамастан, қазақша КВН ойынында жақсы өнер көрсетуі - қуантарлық жағдай.

Айта берсек, әзіл-әжуаға бай жастар баршылық. Алайда, қалжыңның астарында салмақты ой, әділ сын жатқаны керек. Мәселен, осы ойында айтылғандай, «қысқа белдемше киген оқушы қыздардың балалық шағы да қысқа болады» деген әзілдің ар жағында емеурін бар.

Қазылар алқасының төрағасы Санжар ШАКМАНОВ ойыншыларды әзілдеу барысында этикадан асып кетпеуге шақырды. Әйтсе де, қазылар алқасының шешімімен «Жас талап», «Атыраустан», «Өзіміздің жігіттер» КВН командалары жартылай финалға өтпей қалды. Демек, әзілдерін шыңдап, әлде де дайындалуға уақыт жетерлік. 

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

Суретті түсірген автор

29 қыркүйек 2011, 16:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.