27 сәуірде «АМӨЗ» ЖШС-нда өткен кезекті жиналыста Перетаска тұрғындары 2013 жылы зауыт есебінен қалалық әкімдік жүргізген жылжымайтын мүліктерді бағалаудың заңдылығына тағы да күмән келтірді.
Бас директордың бірінші орынбасары Рүстем БИСАЛИЕВ көшірелетін адамдардың патриоттық сезімдеріне әсер еткісі келді ме, Хош иісті көмірсутегі өндірісі кешенінің (әрі қарай - ХКӨК) №2 фазасы жүзеге асырылғаннан кейін Қазақстан Еуро 4 және 5 сыныпты мотор отынын шығарады деп мәлімдеді.
- Мұнайды терең өңдеу кешенінің (әрі қарай - МТӨК) 3-фазасының құрылысы басталды, бұл үлкен ілгерілеушілік. Бір тереңдікке жетіп, ашық мұнай өнімдерін өндіруді арттырамыз. Екі кешенді де қосқан соң, зауыт аяқталған технологиялық тізбекке ие болады... Экологиялық сараптамаға сәйкес, ХКӨК қорғаныс аймағына 5 үй мен бір жер телімі кірді. Бүгінде АМӨЗ бір тұрғынның жылжымайтын мүлігін сатып алды, екі тұрғынға қатысты сот шешімі шықты, біз сатып алу-сату шартын жасау үшін олардың заңды күшіне енуін күтіп отырмыз. Үш іс әлі сотта қаралып жатыр. Мамырдың аяғына дейін барлық істі толық аяқтаймыз. Үшінші фаза аясында көшіруге келетін болсақ, ол алғашқы көшірудің тәжірибесі бойынша жүргізіледі, - деп мәлімдеді Р. Бисалиев.
Өз сөзін ол АМӨЗ-ді ТШО-мен салыстырып керек емес деп аяқтады. Зауыт 100% мемлекетке қарайды және сәйкесінше, көшірілетін адамдарға мемлекеттің ақшасы төленеді. Алайда, бұл әңгіме перетаскалықтарға көп әсер ете қойған жоқ.
Естеріңізге салсақ, АМӨЗ қазір жүріп жатқан сот процестері барысында 2013 жылы астаналық «ВМ» компаниясы жүргізген бағалауды негізге алады. Дегенмен, зауыт менеджерлері ақпанда болған девальвациядан кейін бұл сомалар үйлер мен жер телімдерінің қазіргі шынайы бағасына сәйкес келмейтінін мойындап отыр ("Перетаска: Тығырыққа тірелу ме?")
- Ол бағаның күні өтіп кетті, - деп төтелеп айтты АМӨЗ-дің заң департаментінің директоры Асқар РАХМАНОВ. Ол сотта АМӨЗ 2013 жылғы бағалау керек болмай қалғандықтан, мемлекеттік сот сараптамасын өткізу туралы өтініш білідіріп отырғанын еске салды. Алайда, «сіздер неге біздің жеке меншік бағалау компанияларына өз ақшамызға жасатқан бағалауларымызды емес, сол бұрынғы бағалауды негізге алуды жалғастырып отырсыздар?» деп наразылық білдірді. Өздерінің көшетін мерзімдерін әлі нақты білмейтін (бұл мерзімдер осы жиналыста да айтылған жоқ) тұрғындардың АМӨЗ-ден айырмашылығы, олар өз жеке меншік мүліктеріне әр жарты жыл сайын бағалауды жаңартып отыруға мәжбүр болып отыр. Бағалаулар тек осы мерзім ішінде ғана қолданыста болады.
Дегенмен, 2014 жылғы девальвацияны есепке алған жағдайдың өзінде астаналық «ВМ» компаниясының бағасы «Дю» ЖК жеке бағалаушысының беріп отырған бағасынан көп төмен. Юлия ДЮ сот отырыстарының бірінде астаналық мамандардың әдістемесінің түсініксіз екендігін, өйткені 2011 жылдан бері қазақстандық бағалаушылар қолданып жүрген бірыңғай методика - «КО-ИНВЕСТ» анықтамалығы екенін мәлімдеген болатын ("Жүз мың "жасыл ақша" тұратын жасыл-желек")
Әзірге тараптар еш түсінік табар емес. Бұл жиналыс та астаналық бағалаушыларды, «Дю» ЖК өкілін, сондай-ақ тәуелсіз заңгер шақырып, тағы бір жиналыс өткізу керек деп тарасты.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ