Атырау облыстық ауруханасында жасанды бауыр - «МАРС» альбуминдік диализ аппараты жұмыс істей бастады.
Бұл адсорбциялы рециркуляциялық жүйе әдетте тек Астананың, Алматы мен Шымкенттің арнайы ғылыми медициналық мекемелерінде ғана қолжетімді. Өйткені, осы аппараттың құны жоғары болумен қатар процедуралардың қымбат болуымен де ерекшеленеді. Альбуминдік диализдің бір сеансы 1,3 млн теңге тұрады.
- Біздің облысымыз «МАРС»-ты «Эксон мобил» компаниясынан демеу көмек ретінде алды. Аппаратты бәріне бірдей қолдана беруге болмайды, пациенттерге қатаң іріктеу жүргізіледі. Негізінен бауыр ауыстыруды күтіп жүрген пациенттерге, сондай-ақ, вирусты гепатитке, бауыр энцефалопатиясы зардабына, бүйрек қызметі бұзылған (гепатогенді синдром), аяқасты бактериалды сепсиске шалдыққан пациенттерге арналған, - дейді облыстық аурухананың бас дәрігері Сайын ШОМЫРОВ. – Атырауда альбуминдік диализ процедурасынан әзірге бір пациент әйел өтті. Оның екінші сатыдағы бауыр циррозы мен көптеген асқынған сырқаттары бар. Пациентте билирубиннің жоғарғы деңгейі, терісінің қараюы, терісінің қатты қышуы, ұйқысының бұзылуы байқалды. МАРС-терапия өткізгеннен кейін пациенттің жағдайы әжептәуір жақсарып қалды.
Аппарат бүкіл Батыс Қазақстан үшін біреу болғандықтан, Атырауға басқа облыстан пациенттер келе алады. Қымбат тұратын процедураны мемлекет медициналық қызметті төлеу комитеті арқылы төлейтінін атап өту керек.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ