24 сәуірде Атыраудан Қарағанды облысындағы су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмектің екінші партиясы жөнелтіледі.
Қарағанды облысының Бұхар жырау ауданының тұрғындары бастан кешіріп жатқан апатты естіген бойда Атыраудың белсенді тұрғындары зардап шегушілерге арнап өз үйлері мен кеңселерінде заттар қабылдау қосындарын аша бастады.
- Бұл ой маған да келді, алайда барлық қабылданған заттарды іріктеп, жіберу керектігін пайымдап, күш біріктіру керектігін түсіндім, - дейді гуманитарлық көмекті ұйымдастырушылардың бірі
Гаухар ҚУАНОВА. Қазіргі уақытта жеке бастама бойынша ашылған бүкіл жинау қосындары бір акция шеңберіне біріктірілген. Ал көмек жинау Атырау қаласы әкімдігінің қолдауымен мен Жастар ресурстар орталығының көмегімен өткізілуде. Заттарды қабылдаумен және іріктеумен Атыраудың белсенді тұрғындары, қайырымдылық ұйымдарының, Атырау облыстық еріктілер корпусының еріктілері, медицина колледжінің студенттері айналысуда. Олардың айтуларынша, адамдар өздерінің азғана 2-3 мың теңге ақшаларына өз балаларына алатындай ең жақсысын: тәттілерді, сапалы сүт қоспаларын, азық-түліктерді сатып алуға тырысады. Балаларға арналған заттардың оннан бір бөлігі су жаңа, орамасымен әкелінген. Киілмеген заттар көп. Қабылдау қосындарына жақын орналасқан дүкендердің қожайындары акция туралы білген соң азық-түліктерді қораптармен тасып әкелуде. Жарамсыз киім бірден іріктеліп шығарылады. Қораптардың барлығы скотчпен мұқият оралып, «Балалардың жаңа киімі», «Төсек-жаймалар», «10 келі ұн», «15 келі макарон» деп жазылған. Халықаралық Қызыл Крест және Қызыл Жартыай қозғалысы Атырау филиалының қызметкерлері алушыға ыңғайлы болу үшін еріктілерді заттарды дұрыс орауға және тиісті жазуларды жазуға үйретті.
- Ата-аналарымыз бен достарымыз бізге қолдау көрсетеді, олар біздің зардап шегушілерге көмектесуге барымызша тырысып жүргенімізді мақтан тұтады, - дейді еріктілердің бірі, медицина колледжінің 1-курс студенті Салтанат ҚАБДОЛЛА.
23 сәуірде барлық қосындардағы заттар мен азық-түліктер Шолохов көшесі мен Яблочный өткеліндегі екі нүктеге шоғырландырылды. Барлығы 8 тонна гуманитарлық көмек жиналды. ТЖ департаменті, қалалық әкімдік пен жеке тұлғалар жүкті теміржол құрамына дейін тасымалдау үшін өз көліктерін ұсынды.
- Қазіргі уақытта Қарағанды облысындағы ахуал азды-көпті реттелді, біз олармен үнемі байланысқа шығып отырамыз. Дегенмен тұрғындар бұрынғыша уақытша баспаналарда жүр, - дейді Халықаралық Қызыл Крест және Қызыл Жартыай қозғалысы жергілікті филиалының жетекшісі Айгүл ҚҰЛТАНОВА.
Қазір қарағандылықтарға азық-түліктер – қалбырлар, макарондар мен жармалар, тұз, қалбырланған сүт, балалардың сүт қоспалары мен құрғақ ботқалар; гигиена құралдары – памперстер, ылғал майлықтар, сусабындар, сабын мен кір жуатын ұнтақтар; төсек-орындар, кілемдер, жамылғылар керек.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ