Облыстық әкімшілік полиция басқармасының тіркеу-емтихан қабылдау бөлімі басшысы Арман АЯЗҒАЛИЕВТІҢ (суретте) айтуынша, «беделді» номерлерге деген сұраныс авто әуесқойлары арасында әлі де жоғары.
Естеріңізге салсақ, өткен жылдың қазан айынан бері Қазақстанда автокөліктердің мемлекеттік тіркеу номерлері ресми сатылымға шығарылды. Бір санның қайталануы және екі нөлі бар номерлердің нақты құны белгіленді. Мысалы, 100, 111, 200, 222, 300, 333, 400, 444, 500, 555, 600, 666, 700, 800, 888, 900 және 999 номерлері үшін мемлекетке 271 мың 554 теңге төлеуің керек. Ал 001, 002, 003, 004, 005, 006, 007, 008, 009 және 777 сияқты номерлердің бағасы 451 мың 896 теңгені құрайды.
Облыстық ІІД баспасөз қызметінің басшысы Гүлнәзира МҰХТАРОВАНЫҢ айтуынша, бүгінде жалпы сомасы 21 млн теңгеге 119 номер сатылған. 001, 007, 111, 555 және 888 номерлері көп сұранысқа ие болды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ