Атырау, 21 желтоқсан 18:19
 ашықВ Атырау -2
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Әлем чемпионатында жеңбегенімізге көп болды

3 104 просмотра

Image 0Самбо Олимпиадалық ойындар бағдарламасына кіргеннен кейін атыраулықтар міндетті түрді олимпиада «алтынын» ұтады, - дейді облыстың аға жаттықтырушысы Қайрат ДОСҚАЛИЕВ (суретте).

«“ЖАЙЫҚТАҒЫ" ТУРНИР КЕРЕМЕТ ӨТТІ»

- Қайрат, атыраулық самбошылардың биылғы жетістіктерін атаңызшы.

- Қаңтар айында Әлем кубогының кезеңінде спорттық самбодан Қалжан Тайжанова қола медаль ұтты. Әскери самбодан «қола» үшін айқаста Әсет Әлдешев жеңіліп қалып, қорытындысында бесінші болды. Осындай нәтижені Рүстембек Жереншиев те көрсетті.

1997-98 ж.т. үлкен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында Қайырберді Айдымбай (жаттықтырушысы Асхат Жұмабаев) және Исатай ауданының түлегі (жаттықтырушы Бисембай Қошқаров) алтын медаль иеленді. Екеуі де маусым айында Ашхабадта өтетін Азия чемпионаты мен қазанда Ригада болатын әлем чемпионатына баратын жолдаманы алды. Анель Сүлейменова ҚР чемпионатының қола жүлдегері атанды.

Ақпан айында Минскіде Әлем кубогының тағы бір кезеңі өтті. Сол жерде де Қалжан үшінші болды. Ақпан айында тағы бір үлкен оқиға болды – АМУ-дің «Жайық» спорт кешенінде Қазақ хандығының 550 жылдығына және полиграфия саласының ардагері Мырзабай Тоғаевты еске алуға арналған әскери самбодан халықаралық жарыс өтті. Турнир керемет өтті. Атыраулық спортшылар арасынан Наурызбек Мусин жеңімпаз атанса, Шынболат Хасанов пен Рүстембек Жереншиев «күміс», Талған Жұмағалиев пен Ерман Майлашев «қола» жүлде алды.

Наурызда ересектер арасында Қазақстан чемпионаты өтті. Бұл жарыста Қалжан өзінің байырға қарсыласы Шығыс Қазақстаннан келген спортшы Зере Бектасқызына есе жіберіп, «күміс» медаль алды. Ержан Қабделов (спорттық самбо), Рүстембек Жереншиев және Тыныс Бисалиев (әскери самбо) «қола» жүлдегерлер атанды. Рүстембек Мәскеуде өткен Әлем кубогында – самбоның негізін қалаушы Анатолий Харлампиев мемориалында үшінші орын алды. Осы жарыс аясында халықаралық төрешілер семинары болып, 2015-2016 жылдарға біліктілік тестілері тапсырылды. Атыраудан мен, Ербол Төлеген және Қоныскерей Табынбаев өз біліктіліктерімізді тағы бір сынадық. Емтихандарды 80 төрешінің 36-сы сәтті тапсырды, олардың ішінде үш атыраулық та сүрінбей өтті. Бұл бізге Азия чемпионаттары мен Әлем кубогы кезеңдерінде төрелік етуге мүмкіндік береді.

Сәуір айында облыс құрамасы Ақтауда өткен 1995-96 ж.т. жастар арасында ҚР чемпионатына қатысты. Қызылқоғалық Әбу Аманжан (жаттықтырушылары Марат Әбдуалиев пен Арсен Хатип) және Дәурен Болатбекұлы (жаттықтырушылары Қ. Досқалиев пен Б. Қошқаров) чемпион атанды. Екі жігіт те ҚР спорт шеберінің нормативін орындап, жоғарыда аталып кеткен ҚР чемпиондарымен бірге Азия және әлем чемпионаттарына қатысады.


«ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДАҒЫ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНДА КӨПТЕН ЖЕҢГЕН ЖОҚПЫЗ»

- Қазір қандай жарыстарға дайындалып жатырсыздар?

- 27-28 сәуірде ДСК-де ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қошқарбай Табынбаевты еске алуға арналған ерлер арасында І Халықаралық шеберлер турнирі өтеді. Қошқарбай Төремұратұлы 1-БЖСМ-де жұмыс жасап, 1990-2009 жылдары облыс құрамасына жетекшілік етті. Ол талай әлем чемпионын тәрбиеледі.

Жыл басында облыстық спорттық және әскери самбо федерациясы құрылып, кәсіпкер Арман Мырзабайұлы Тоғаев президент болып сайланды. Тоғаевты еске алу турнирінде бұл жарыстардың қандай ауқымда өткізілетінін көрдік.

Мамырда Қызылорда облысы Қармақшы ауылында 28 елдің мықты спортшысы қатысатын халықаралық турнир өтеді. Бағдарламада самбо мен қазақ күресі бар. Бір ерекшелігі ұлттық күрес бойынша жарыстарға самбодан шыңдалмаған палуандар қатыстырылмайды. Жеңімпазға «Тойота-Прадо», 2-орынға «Тойота-Камри», 3-орынға «Тойота-Королла» тігілген. Спорт шеберлеріміз Сұңғат Закарияев, Қайрат Өтеген және Бекболат Салықовтардың жеңуге үлкен мүмкіндіктері бар.

Сондай-ақ, біз қазір 1999-2000 ж.т. кадеттер арасындағы Қазақстан чемпионатына дайындалып жатырмыз. Бұл жас санатында да фавориттеріміз бар. Мәселен, өткен жылғы әлем чемпионатының жүлдегері, дзюдо мен самбодан ҚР чемпионы Асқар Есбосынов.

- Қандай жоспарларыңыз бар?

- Жігіттердің ішінен біреуі жасөспірімдер мен жастар арасындағы әлем чемпионатында жеңсе екен деген тілегіміз бар. 2008 жылдан бері жеңе алмай келеміз. Бұл жарыстардан алған «күміс», «қола» бар, «алтын» жоқ. Жасөспірімдер арасындағы барлық «алтындарымызды» Табынбаев аға жаттықтырушы болған кезде алған екенбіз. 2000 және 2001 жылдары Хатип, 2002 жылы Мұхамедрахим Оралбеков, 2003 жылы Қошқаров пен Ринат Ибрагимов, 2004 жылы Бибігүл Баймұратова, 2006 жылы Иманбаев, 2008 жылы Наурызбек Майлашев чемпион болды.

- Самбоны Олимпиадалық ойындар бағдарламасына енгізу қалай жүріп жатыр?

- Самбо Олимпиада-2020 бағдарламасына кіреді деген үміт бар.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Сурет «ЖС» мұрағатынан алынды

23 сәуір 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.