«Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламалары бойынша жақында Атырау облысының 165 жас отбасы тұрғын үйге ие болады. Сәуірдің аяғына дейін 90 және 75 пәтерлік екі үй қолданысқа беріледі деп күтілуде.
Бұл туралы Коммуникациялар қызметі Атырау бөлімшесінде облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Мейірім ҚАЛАУИ хабарлады. Оның айтуынша, бағдарламаға қатысуға 1 420 жас отбасы өтінім берген, алайда осы мемлекеттік бағдарлама бойынша заңнама талаптарына тек 711-і сәйкес келді. Басқа өтінімдердің өтпей қалу себептері әр түрлі, мәселен, жалақыларының төмен болуы, ал, ең көп таралған бас тарту себебі - өтінім берушінің жасы 29-дан жоғары болған, яғни, олар «жас отбасы» санатына қосылмайды. Мамыр айында жас отбасылар үшін 120 пәтерлік үй құрылысы басталуы қажет. Сондай-ақ, 150 орындық отбасылық жатақхана құрылысының жобалық-сметалық құжаттамалары дайын.
Ал, ауылдық жерлерге жұмысқа жіберілген жас мамандар «Дипломмен - ауылға» бағдарламасы бойынша тұрғын үй несиесін алу құқығына ие болады. Өткен жылы 22 жас маманға тұрғын үй алу үшін 60,8 млн теңге бөлінді, тағы 114 адам жалпы сомасы 15,8 млн теңге көмек ақша алды. 2015 жылы ауылдық жерде жұмыс жасағысы келетін жастардың саны артып отыр. 213 жас маманға көмек беру жоспарлануда: 53 адам тұрғын үй алу үшін 157,6 млн теңге алса, тағы 160 адам жалпы сомасы 19,4 млн теңге көмек ақша алады.
Жастар өмірінің тағы бір маңызды саласы – білім алуға келсек, қазіргі уақытта әкімдік тартқан демеушілердің есебінен 240 атыраулық түлек еліміздің, жақын және алыс шетелдердің жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Көп бөлігі беделді қазақстандық жоғары оқу орындарында білім алса, 49 адам Башқұртстанда, 10 адам Еуропа мен Азияның университеттерінде оқып жатыр.
«Жас кәсіпкерлер мектебінің» басшысы Ержан НҰРШАНОВ орталық өз жұмысын бастағаннан бері (2014 жыл, шілде) шешендік өнер, көшбасшылық қасиеттерді дамыту, сауданы ұйымдастыру, кәсіпкерлік бойынша түрлі тренингтер өткізіліп, мыңдаған адам дәріс алғанын хабарлады. Осы уақыт ішінде тренерлер командасы 3 адамға дейін өсті, әлі де көбейеді: қазіргі уақытта екі болашақ тренер сертификаттаудан өтіп жатыр. Мамыр айында олар жұмыстарын бастайды.
- Жас кәсіпкерлер бастапқыда біздің барлық ресурстарымызды – кеңсемізді, қолдауымыз мен кеңестерімізді пайдалана алады. Маусым айында орталығымыздың түлектері жаңа жобаны іске қосады. Ресейлік фирманың франчайзерлігі бойынша тез оқу және дамыту мектебін ашады, - дейді Е. Нұршанов. – «Жас кәсіпкерлер мектебі» жобаны кеңейтіп, егер билік жер бөлсе, қала орталығынан өз кеңселерін салуды жоспарлап отыр.
Зульфия ИСКАЛИЕВА