Ресейдің Капустин Яр полигонынан Қазақстанның Сарышаған әскери полигонындағы нысанаға бағытталған зымыранның картадағы траекториясы. (Көрнекі сурет)
Ресейдің Қазақстаннан жалға алған Тайсойған, Жаман-Тау және Сарышаған полигондарына тиесілі жерлердің бір бөлігі Қазақстан меншігіне қайтарылатын болды. Қазақстан қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, бұл туралы келісімге Мәскеуде Қазақстан мен Ресей қорғаныс министрлері Иманғали Тасмағамбетов пен Сергей Шойгу қол қойған.
Министрлер 16 сәуірде Ресейдің Қазақстаннан сынақ полигондарын жалға алу және пайдалану тәртібі туралы екі ел арасындағы бұған дейінгі келісімге өзгерістер енгізу туралы төрт хаттамаға қол қойған. Ресей қорғаныс министрінің орынбасары Анатолий Антоновтың айтуынша, хаттамаларға сәйкес, Ресей қорғаныс министрлігінің 929-мемлекеттік ұшу-сынау орталығының әскери алаңдары мен Сарышаған полигоны территориясының біраз бөлігінен Қазақстанға 1,6 миллион гектардан аса жер қайтарылмақ. Бұған қоса, полигондарды пайдаланғаны үшін Ресейдің Қазақстанға жылына төлейтін қаржы көлемі 23,5 миллион АҚШ долларынан 19,4 миллион долларға дейін азаймақ.
Қазақстан қорғаныс министрлігінің ақпараты бойынша, қайтарылған жерлер мұнай-газ саласы, тұрғын үй, теміржол және автокөлік жолдарын салу және басқа да қажеттіліктерге пайдаланылатын болады.
Дереккөз: Азаттық радиосы