16 сәуірде «AG disinfection serviсes» ЖШС қала аумағын масалардан улау жұмыстарына кірісті.
Масаларды улау жұмыстарын жүргізу тендерлерінің нәтижесі өткен жылдағыдай 14 сәуірде жарияланды. Ал өткен жылдың шілдесінде қалалық мәслихаттың сессиясында Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек ОЖАЕВ масаларды жою тендердің кешеуілдеуіне байланысты кеш басталғанын айтып, 2015 жылы тендерді ертерек, ақпан айында өткізуге уәде берген еді («Әкім маса мен қоқыс түтінінен құтқарады» мақаласын қараңыз).
«AG disinfection serviсes» ЖШС директоры Назгүл МЕҢДІҒАЗИЕВАНЫҢ айтуынша, қала аумағын масалардан улау кешенді: ересек түрлерге қарсы – тұрғын үйлердің подъездерін, жертөлелерін, жасыл-желектерін улау; дернәсілдерге қарсы – суға кеткен жертөлелер мен су қоймаларына адам мен қоршаған орта үшін залалсыз бактерицидтік препараттарды құю арқылы жүргізілетін болады.
Қансорғыштар дернәсілдерінің қазір Привокзальный мен Лесхоздың суға кеткен жертөлелерінде пайда болғаны байқалады. Дәл сол жерден улауды бастау жоспарлануда. Жалпы қала бойынша көппәтерлі 929 үйдің жертөлелері уланатын болады. Соның ішінде ПИК қызмет көрсетпейтін 202 үй бар.
Энтомологтардың айтуынша, масалардың жаппай көбеюі ауа температурасы +18 градус деп белгіленген жағдайда басталуы тиіс. Әбден жылынғанға дейін дезинфекторлар жертөлелерді кем дегенде бір реттен улауды жоспарлауда.
Өткен жылы «Ақжайық» резерватымен көршілестік салдарынан шыбын-шіркейлердің көбейгендігі байқалған Атырау қаласының Дамбы округінің аумағы қаржының тапшылығы салдарынан уланбайтын болды деп хабарлады «AG disinfection serviсes» ЖШС.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ