"АЖ" мұрағатынан алынған көрнекі сурет.
Атырауға денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы, бас мемлекеттік инспектор Ақмади САРБАСОВ келді.
Ол «Ренессанс» қонақ үйінде болған «Еңбек жағдайларын жақсарту және қорғау - экономикалық өсімнің факторы» тақырыбындағы семинар-кеңеске қатысты. Жиналысқа еліміздің батыс өңірінің еңбек инспекциясы мен кәсіпорындар басшылары шақыртылды.
Кеңес 28 сәуірде аталып өтетін Бүкіләлемдік еңбекті қорғау күніне арналды.
Сарбасов өз сөзінде мына нәрселерді атап өтті: «Өткен жылы зерттелген 1,7 млн адамның төрттен бірі зиянды жағдайларда жұмыс жасаған. Жыл сайын кәсіпорындарда екі мыңнан астам қайғылы жағдайға жол беріледі, олардың үш жүзге жуығы өліммен аяқталған. Алайда бұл сандар ахуалды түгел айқындап тұр деп айта алмаймыз. Өткен жылы прокуратурамен бірігіп республика бойынша тексеру жүргіздік және сол тексерулердің нәтижесінде еңбек инспекциясына хабарламаған екі мың жарымнан аса қайғылы жағдай анықталды. Мәселен, Ақтөбе облысында «АТҚЗ» АҚ, «Ақбұлақ», «Қазхром ТҰК» және басқа да кәсіпорындарда қайғылы жағдайлар жасырылып, есепке қойылмаған. Осы фактілер бойынша материалдар қылмыстық құрамын анықтау үшін құқық қорғау органдарына жіберілді.
Сонымен қатар, Қызылорда облысында өлімге әкелген қайғылы жағдай жасырылған оқиға да болған. Сәйкесінше кінәлі адамдар анықталып, қаза болған адамның отбасына көмек көрсетілді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген автор