Тұрақтандыру қоры бойынша облыстық комиссия 2015-2016 жылдардағы маусымаралық кезеңде сатып алынатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің тізімін бекітті.
Барлығы 3100 тонна өнім сатып алу жоспарланып отыр. Бүгінде алты шаруа қожалығымен жалпы сомасы 135,6 млн теңге болатын 2800 тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуге форвардтық келісімшарт жасалған. 1700 тонна картоп, 500 тонна жуа, 300 тонна сәбіз, 50 тонна қызылша, 250 тонна орамжапырақ сатып алынады. Шаруа қожалықтарының өз өнімдерін жеткізуі тиіс мерзімдері белгіленді: картоп пен жуа 10 қазанға дейін, сәбіз 10 қарашаға дейін, орамжапырақ пен қызылша 1 қарашаға дейін.
– Форвардтық келісімшарттардың шартын облыстық комиссия бекітеді. Кепілдік ұсынылғаннан кейін, сондай-ақ «Атырау» ӘКК-нің банктік есеп-шотына кепілді ақшалай жарна (келісімшарт сомасының 3 пайызы) салынғаннан кейін жеткізушіге келісімшарт сомасының 70 пайызы аударылады. Қалған 30 пайыз өнім жеткізілгеннен кейі аударылатын болады, - дейді «“Атырау" ӘКК ҰК» АҚ басқармасының төрағасы Абат ТАСИМОВ.
Өткен жылы келісімшарттарға сәйкес шаруа қожалықтары тұрақтандыру қорына жалпы сомасы 93,7 млн теңгеге 2 320 тонна өнім жеткізді. Соның ішінде, 968,3 тоннасы картоп, 902,3 тоннасы жуа, 234,4 тоннасы сәбіз, 45 тоннасы қызылша және 170 тоннасы орамжапырақ.
Зульфия ИСКАЛИЕВА