Көктемгі балық аулау маусымының қысқа болуы облыстағы балық аулау кооперативтері қызметкерлерінің наразылығын тудырып отыр. ҚР балық шаруашылығы комитеті көктемгі балық аулау маусымын ұзарту туралы бұйрықтың жобасын әзірледі. Бірақ тек Құрманғазы ауданындағы Қиғаш өзенінде балық аулайтын артельдер үшін ғана.
Биылғы жылдан бастап «Қазақбалықшаруашылығы» балықшылардың қоғамдық бірлестіктері мен балық шаруашылығы субъектілерінің қауымдастығының облыстық филиалы бөлетін лимит көлемі бойынша наразылық жоқ. Лимиттер өткен жылғы деңгейде бөлінген.
Балықшылар көктемнің суық болуы салдарынан балық аулау жоспарын еш орындай алмайтындықтарына шағымданды.
– Биыл Жайықта 28 наурызға дейін мұз тұрды. Балық аулау режимі бойынша балық бес күн ауланады. Содан кейін үш күнге «балық демалу» үшін, яғни «дневкаға» тоқтатылады. Балық аулау маусымынан бастап біз бес күннен екі вахта жұмыс істедік. Ештеңе ұстай алмадық. Өйткені суық болды, балық әлі уылдырық шашуға шыққан жоқ. 10 сәуірде кезекті «дневка» басталады. Осылайша, көктемгі балық аулау маусымының бітуіне бізде тоғыз күн қалады, - дейді балықшылардың бірі. – Көктемде балық аулау маусымы Жайықта мұз ери бастаған сәттен бастап 24 сәуірге дейін, ал күзде 16 тамыздан бастап мұз құрсауланғанға дейін; Қиғашта – мұз ери бастаған сәттен 30 сәуірге дейін созылады. Бұл жеткіліксіз: Жайық сағасы тайызданып қалған, қыста түбіне дейін қатып қалады. Қазір біз ау құралдарын босқа салып жүрміз. Көктемгі балық аулау маусымы аяқталған кезде балық жүруі тиіс. Балықшылардың жағдайын түсініп, Жайық өзенінде көктемгі балық аулау маусымын 10 мамырға дейін ұзарту керек. Және міндетті түрде тереңдету жұмыстарын жүргізу қажет.
«Қазақбалықшаруашылығы» филиалының директоры Әлібек БҰХАРБАЕВ:
– Біздің қауымдастық әлденеше рет хат жазды, балық шаруашылығы комитетіндегі кеңестерде балық аулау салаларының проблемалары туралы мәселені де қойды. Бірақ ештеңе өзгерген жоқ. Бірнеше жыл бұрын республикалық бюджеттен Құрманғазы ауданындағы Қиғаш өзенінің сағасына тереңдету жұмыстарын жүргізуге қаржылар бөлінді. Бір каналды тазартты да жұмысты тоқтатып тастады... Президент Назарбаевтың Атырауға келген сапарларының бірінде Жайық-Каспий бассейніндегі тереңдету жұмыстарына жыл сайын 300 млн теңге бөлу туралы берген нұсқауы да ұмыт қалды. 2013 жылы көктемгі балық аулау мерзімі Жайықта 11 мамырға дейін және Қиғашта 25 мамырға дейін ұзартылды. Алайда бас прокуратураның наразылығы бойынша үкімет қаулысы жойылды.
«АЖ»-ға ҚР Балық шаруашылығы комитетінде Қиғашта көктемгі балық аулау маусымын 25 мамырға дейін ұзарту туралы бұйрықтың дайын екендігі белгілі болды. Жайықтан балық аулауды ұзарту туралы құжатта бірде-бір сөз жоқ.
ҚР Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Нариман ЖҮНІСОВ:
– Қиғаш өзенінде көктемгі балық аулау маусымын 25 мамырға дейін ұзарту туралы бұйрыққа бірер күнде қол қойылуы тиіс. Бұйрық ғылыми негіздемемен бекітілген. Жайық өзені бойынша мұндай негіздеме жоқ.
ҚР заңнамасына сәйкес балық аулауға шектеу қоюды және тыйым салуды бекіту кезінде өкілетті орган ғылыми мекемелердің ұсыныстарын негізге алуы тиіс. Ғалымдар балық өсімін үнемі қадағалап отырады. Балық қорларын сақтау мақсатында ғалымдар Жайық өзенінде балық аулау маусымын ұзартуға болмайды деген пікірде.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ