Облыстық әкімдікте болған кеңесте Атырау қаласындағы мектептердің тапшылығы туралы проблема талқыға салынды.
ҚР тұтынушылар құқығын қорғау комитеті аумақтық департаментінің басшысы Өмірзақ ЗИНУЛЛИН Авангард мектептерінің лық толы екендігіне алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, балалардың бір жерге топталуы түрлі вирустық сырқаттар қаупін арттырады екен.
Қалалық білім бөлімінің басшысы Нұрсәуле САЙЛАУОВА қазір облыс орталығында үш мектеп – Жұмыскердегі №35 мектеп, Авангард 3-ықшамаудандағы №3 мектеп және 4-ықшамаудандағы №16 мектепте оқушы лық толы екенін айтты. Мұнда өз мектептері жоқ Нұрсая ықшамдауданының балалары оқитындықтан бала саны артық екен.
Н.Сайлауова «АЖ»-ға былай деп хабарлады:
- Өткен жылдың қыркүйегінде Нұрсаяның балаларын орналастыру үшін осы үш мектептің бүкіл орынжайын сыныптарға бейімдеп, қайта жарақтауға тура келді. Біз жаңа оқу жылын мазасыздықпен күтеміз. Өйткені, жылдың екінші жартысында Нұрсаядағы көппәтерлі 20 үй пайдалануға беріледі деп күтілуде. Біздің есептеулеріміз бойынша, бізге бір жарым мың баланы қабылдау қажет болады.
Биыл Нұрсая ықшамауданында 624 орындық типтік мектеп құрылысы жоспарланып отыр. Тендер жарияланған.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ