Атырау, 18 мамыр 07:20
 бұлттыВ Атырау +18
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Нұрлан ӘЛІМЖАНОВ: «Мықты адамдарды сомдағым келеді»

5 657 просмотра

Image 016 сәуір күні облыстық Махамбет Өтемісұлы атындағы драма театрында алғаш рет танымал актер, сазгер, әнші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан ӘЛІМЖАНОВТЫҢ жеке шығармашылық кеші өтеді. Біз бұл туралы Нұрланмен телефон арқылы тілдескен болатынбыз.

БАЛА КҮНІМДЕ ҒАРЫШКЕР БОЛҒЫМ КЕЛГЕН

- Нұрлан, Атырау халқы жеке шығармашылық кешіңізден не күтеді?

- Ең алдымен мынаны айтқым келеді, мен, жалпы, Атырауды жаныма жақын көремін. Ол қалаға алғаш рет 2003 жылы барған едім, содан бері ол жерден көптеген дос, жаныма жақын адамдар таптым. Кеш барысында өзімнің авторлық әндерім орындалады, поэзия оқылады, өзім түскен кинолардан үзінділер келтіріледі. Халықпен жүздесіп, сөйлесіп, рухани ләззат сыйламақпын.

- Өзіңізді сегіз қырлы, бір сырлы өнер адамы ретінде танимыз. Ән жазып, өлең шығарасыз, жүргізушісіз, киноға түсіп жүрсіз...

- Қазақта «Жігітке жеті өнер де аз» дейді ғой. Мен жүрегімнің қалауын орындаймын, оным жүзеге асып жатқанын білемін әрі қарай да өзімді дамыта беремін.

- Әртіс болам деп бала Нұрлан армандады ма?

- Өзім түскен «Балалық шағымның аспаны» фильмінде-гідей менің де өз аспаным, қиялым, арманым болды. Бала кезімде қазақ ғарышкері Тоқтар ӘУБӘКІРОВ ағамызға ұқсап, ғарышкер болғым келетін. Жұлдыздарға, ғарыш әлеміне қызығатынмын. Армандар орындалу үшін де еңбек пен ақыл керек. Дегенмен, өсе келе актер болғым келді. Өнерге барғым келді. Жаным соны қалады. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын тәмамдадым. Бірнеше жыл театр сахнасында өнер көрсеттім. Міне, қазіргі таңда кино әлемінде жүрмін. Сонымен қатар, өзімнің жанымнан, жүрегімнен туған жүзге тарта әнім бар. Өнерім - өмірім, өмірім - өнерім деп айтқым келеді.

- Өмірде және өнерде кімді үлгі тұтасыз?

- Мен үлгі тұтамын деп тек бір адамды айтпас едім. Өмірде әкем, танымал суырыпсалма ақын Баянғали Әлімжановты үлгі етемін. «Әке көрген оқ жонар» деген сөз бар, әкеме қарап бой түзеймін, үйренемін. Достарымның арасында да үлгі қылатын азаматтар жетерлік. Ал, өнердегі әкем деп ұстазым Айдос БЕКТЕМІРОВТЫ атап өткім келеді, сонымен қатар, актерлік шеберлікті үйреткен Жайлау ЖАБАҒИН, Жанат ХАДЖИЕВ және әнші Амангелді СЕМБИН ағаларымыздың орны ерекше.

«МЫҚТЫ АДАМДАРДЫ СОМДАҒЫМ КЕЛЕДІ»

- Осы уақытқа дейін бірнеше фильмге түсіп үлгердіңіз, көрерменге «Ағайындылар» сериалы, «Жаужүрек мың бала», «Бақсы», «Ақсарбас» фильмдері және ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы киноэпопея арқылы таныссыз. Елбасының рөлін сомдау қалай екен?

- Мен осы рөлді ойнарда үлкен жауапкершілікті сезіндім. Көп дайындалдым, бірақ аса қатты қиналдым деп айта алмаймын. Елбасының өзімен кездестім. Ол кісі батасы мен фильмге оң бағасын берді.

- Эпопеяның жалғасы бола ма? Басқа қандай киножо-баларға түсіп жатырсыз?

- Иә, киноэпопея осымен шектелмейді. Президенттің өмірлік жолы түгел қамтылады. Алдағы жаз айларында ол кісінің 50-60 жас аралығындағы кезеңін түсіруге дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар, күзде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған фильмнің түсірілімі басталады. Қазіргі таңда осы фильмнің фото, бейне сынақтары жүруде. Әлі кімнің қандай рөлді сомдайтыны белгісіз, дегенмен актер ретінде қазақтың нағыз тұлғаларын, алыптарын, батырларын сомдағым келеді.


«ҚАМШЫМЕН САБАУ КЕРЕК»

- Өзіңіздің той-томалақтарға асаба ретінде шығып жүргеніңізді естиміз.

- Тойға шығатынымды жасырмаймын. Жалпы, той-томалақты төменгі сатыға қоймаймын. Той – қазақтың қазынасы, халықтың қуанышы, берекесі, нағыз өмірдің өзі. Ол жерде бәрі қайнап жатады. Біздің сал-серілеріміз Ақан сері, Біржан сал, Балуан Шолақтар осындай той-жиындарда таныла бастаған. Жиналған көпшілік ән тыңдап, жанына қуаныш сыйлап, рухани ләззат алып қайтады, сен де халқыңа жақсы энергияңды сыйлауға тырысасың. Сенің сөздеріңді тыңдайды, сол себепті тойды шағын концерт деуге де болады.

- Соңғы кездері тойларда орын алып жатқан жағымсыз әрекеттер жөнінде пікіріңіз қандай?

- Мен ондай жиіркенішті дүниелер тілімізге, дінімізге, ұрпақтың болашағына, елге зияны тиетін көргенсіздік деп есептеймін. Ақсақалдарымыз бен әжелеріміз, бала-шағамыз отыратын халық көп жиналған жерлерде осындай анайылықты неге көрсетеді? Мен табиғатымнан мейірімділікті, кішіпейілділікті жоғары қоямын, алайда ондайларды қамшымен сабап алу артық болмайды деп есептеймін.


«ӨЗІМЕ ҰНАДЫ»

- Отбасыңыз, үш балаңыз бар. Бала тәрбиесіне араласасыз ба?

- Әрине, бала әкесінің тәрбиесін көріп өскені дұрыс. Менің өз ата анам бар, ал, ата-әженің тәрбиесі көп нәрсе береді. Менің өзімнің ата-әжем өмірде жоқ, дегенмен олардың айтқан сөздері, ақыл-кеңестері әлі жадымда. Оларға арнаған «Сағындым ата-әжемді», балаларыма арнаған «Құлыншақтарым» деген әндерім де бар.

- Әннің сөздерін өзіңіз жазасыз ба?

- Қазіргі кезде әкелі-балалы болып жұмыс жасап жүрген жайымыз бар, әкем сөзін жазады, мен әуенін дегендей. Су жаңа «Сен ешқашан өзгерме» деген әнімді атыраулықтарға тарту еткім келеді. Негізі, өз әндерімнің ішінде жүрегіме жақын, өзім қайта-қайта сүйсініп тыңдайтын ән осы ән екенін айтып өтейін. Негізі, әндерімді көп тыңдай бермеймін, басында 1-2 рет тыңдаған соң, кейін тыңдамай қоямын. Кейде балаларым көлікте отырғанда әндерімді қосып қояды, мен ондай уақыттарда ауыстырып жіберемін. Ал, жаңағы әнді тыңдай бергім келеді. Әнімді атыраулықтар жақсы қабыл алады деп сенемін.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

9 сәуір 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.