Тексеру комиссиясының төрағасы Марат МҰРЗИЕВ.Атырау облысының Тексеру комиссиясы биылғы жылдың І тоқсаны бойынша қала мектептеріне бөлінген бюджет қаражатының жұмсалуына бақылау жүргізген жұмысының қорытындысын жария етті.
Бақылау жұмысы 20 қаңтар мен 6 наурыз аралығында қаланың 16 мектебіне жүргізілген. Тексеру комиссиясының мүшесі Батырбек КАМАНОВТЫҢ баяндамасынан былтырғыдай қаржылық бұзушылықтардың көп орын алғаны белгілі болды.
2012 жылдың 1 қаңтары мен 2014 жылдың 31 желтоқсаны аралығында бөлінген 5 млрд 600 млн теңгеден астам бюджет қаржысының 1 млрд 113 млн теңгеден астамы қаржылық бұзушылықтармен игерілген. Соның ішінде 702 млн-нан астам теңге қалпына келтіруге жатады деп танылып, комиссия соманы қалпына келтіру туралы ұсыныс берді.
Атап айтсақ, еңбекақы тағайындау және төлеу барысында 4,5 млн теңгеден астам сома мектеп қызметкерлеріне артық төленген. 238 млн теңгеден астам қаржы сомасы мектеп қызметкерлерінің еңбекақыларына 25% қосымша ақы ретінде жергілікті атқарушы органдардың шешімінсіз төленген. 24,5 млн теңгеден астам сомаға кітаптар мен басқа да мектеп тауарлары сатып алынған, алайда тексеру барысында тауарлардың қоймаларда пайдаланылмай тұрғаны анықталды.
Құны 600 млн 160 мың теңге болатын Крупская атындағы №18 орта мектептің жаңа ғимараты өткен жылдың қыркүйек айында пайдаланылуға берілсе де, әлі күнге теңгерімге алынбаған. Сонымен бірге, аталған мектептің сүрілген ескі ғимараты да есептен шықпаған. Осы мектепте техникалық қызметкерлерге бекітілген нормадан жоғары жалақы төленгені де анықталды. Мектеп директоры мұны «- 28 мың теңгеге, жарты ставкаға электрик те, программист те келмейді» деп түсіндірді.
«Бірақ бұл заңды бұзуға болады деген сөз емес қой!» - деді Тексеру комиссиясының төрағасы Марат МҰРЗИЕВ.
Ревизорлар мектептерде мемлекеттік сатып алу заңдылығындағы жалпы сомасы 121 млн теңгенің қаржылық бұзушылықтарын анықтады. 11 мектеп директорына қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамалар толтырылды.
Айнұр САПАРОВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ