Наурызда ҚР үкіметі жеке тұлғаларға арналған автонесиелеудің жеңілдік бағдарламасын қорландыруға 15 млрд теңге бөліп, отандық автомобиль өнеркәсібін қолдайтын ниеті барын мәлімдеген еді. «Нұрлы жол» бағдарламасын іске қосу 1 сәуірге белгіленді. Алайда үкімет іске қосылу уақытына қатысты асығыстық танытқаны айқын болды.
Естеріңізге салсақ, әңгіме отандық зауытта құрастырылған көліктерді алуға арналған жеңілдік несиесі үшін Ұлттық қордан 15 млрд теңгенің бөлінгені туралы болып отыр. Пайыздық мөлшерлеме туралы мәліметтер алуан түрлі: ұлттық экономика министрі Ерболат ДОСАЕВ қарыз алушылар үшін негізгі пайыз 6 пайыз болады деп айтты, қаржы вице-министрі Руслан ДАЛЕНОВ оның 4 пайыздан аспайтындығын растады. Бәлкім, Досаев есептелген банкалық маржа сомасы бар мөлшерлемені меңзеген болар. Несиелік төрт немесе алты пайыз – қазақстандық қаржы жүйесінің тарихындағы өте төмен мөлшерлеме. Өткен жылдың аяғында мөлшерлемелер орташа алғанда 15-17 пайызды құрады. Болжамды теңге девальвациясы мен Ресейдегі ахуалға байланысты көптеген банктер желтоқсанда несиелер беруді, соның ішінде көлік сатып алу несиесін беруді тоқтатты. Қаңтарда қайта қаралған несиелерді беру ережесі күшіне енді. Көлік несиелеу мөлшерлемесі 22 пайызға дейін өсті.
Шенеуніктер несиелеу мерзімі (3-5 жыл) мен несие валютасы туралы бір пікірде болды. Әрине, әңгіме теңгемен алынатын қарыз туралы болып отыр. Моделі мен жинақталымына байланысты отандық өндірістің 3-6 мың бірлік автокөлігін сатып алуға осы қаржы жетуі тиіс деп болжанып отыр.
Бүгінде бүкіл қолжетімді ақпарат осы. Қалай болғанда да, «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыратын екінші деңгейлі банктер мен нарықта отандық зауытта құрастырылған көліктерді ұсынатын автосалондар бүгінде жеңілдік несиелерінің ісе қосылу уақыты, шарттары мен банк-операторларға бөлінетін сомалар туралы ақпараттан бейхабар. Әзірге расталмаған мәліметтер бойынша, келісімдер төрт - «Цеснабанк», «Сбербанк», «Альфа-банк» және «Еуразия» банктері арқылы рәсімделетін болады.
– Қазір маған бағдарламаның банк-операторлар қатарына біздің енгеніміз ғана белгілі, - деді телефон арқылы «Сбербанк» Атырау филиалының директоры Мұрат АСҚАРОВ. – Мақсаттық бағдарламаның негізгі параметрлері мақұлданды, алайда банктердің бағдарлама операторы – «Бәйтерек» ұлттық холдингімен жасалатын келісіміне әзірге қол қойылған жоқ. Тиісінше, банктерге бағдарламаның егжей-тегжейі мен шарттары ұсынылмады.
– Әңгіме қандай мерзім туралы болып отыр?
– Белгісіз. Күтіп отырмыз. Әзірге кешікпей іске қосылады деп уәде беріп отыр.
Қазақстанда отандық зауытта құрастырылған көліктерді екі автодилер сатады: Shkoda, Chevrolet, Kia, Лада 4Х4 (өскемендік «Азия Авто» автоқұрастыру зауыты) автомобильдер желісі бар «БИПЭК-авто» компаниясы мен қостанайлық «Агромаш холдинг» зауытында брендті SsangYong, Peugeot және Geely көліктерін шығаратын Allur group компаниясының тобы (БАҚ-тарда жиі айтылатын ZAZ Chance моделі өткен жылдың тамызында өндірістен алынып тасталды және бағдарламаға кірмейді). Екі компанияда да әзірге автомобильдер тобына қойылатын белгіленген шектеуден басқа «Нұрлы жол» туралы басқа мәліметтер жоқ. Бағдарлама шеңберінде сатып алу құны 5,6 млн теңгеден (30 мың АҚШ долларынан) аспауы тиіс
«Нұрлы жол» шеңберінде сатылатын автомобильдер саны 2700 бірліктен басталады деп үлкен ықтималдықпен болжауға болады.
Айта кетелік, Қазнеттің мәліметтері бойынша, өткен жылы автодилерлер қазақстандық зауытта құрастырылған 32 мың көлікті сатқан.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА