Атырау, 26 желтоқсан 16:26
 бұлттыВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Әлішер Кәрімовтың концерті неге өтпей қалды?

3 714 просмотра

Белгілі жас әнші, халықаралық конкурстардың лауреаты  Әлішер КӘРІМОВТЫҢ   қыркүйектің 12-сі  күні Атыраудағы Махамбет драма театрында өтеді деп жоспарланған концертінің болғанынан боладысы қызық болды.  Көптен күткен жұлдыздың концерті басталмай жатып аяқталды.

 

ҰЙЫМДАСТЫРУШЫНЫҢ УӘЖІ

Бұл Әлішер Кәрімовтың  Атыраудағы алғашқы концерті болса да,  нағыз аншлаг болды. 600 орындық залда ине шаншар орын қалған жоқ.   Билет  құны орын ретіне қарай 1500 теңгеден-3000 теңгеге дейін.

Әп дегенде концерттің басталуының 10-15 минутқа кешігіп жатқанына ешкім қобалжи қоймаған еді. Өйткені, қай әртістің болса да зарықтырыңқырап барып сахнадан көрінуі заңды  құбылыстай саналатын. Алайда шыдамның да шегі бар емес пе, сарыла тосу ұзап, сағатқа жеткенде көрмендерден де маза кете бастады.

Осы кезде сахнаға әнші емес, концертті  ұйымдастырушы Айнагүл ХАБИЕВА шығып «Кәрімов продюсері екеуі телефондарын ажыратып тастапты, қашып кеткен тәрізді» деп хабарлаған.

Кейін ол мәселенің бәрі гонорар бағасына келіспеушіліктен туындағанын айтқан еді. Айнагүл Хабиева жағдайды былай деп баяндаған болатын: «Жаз айында  маған әншінің  әкесі телефон шалып, Әлішердің Атырауда концертін ұйымдастыруды өтінген еді.  Жазда көрермен жинаудың машақаты көп, әрі әншінің өзі де демалыста жүретіндіктен бас тарттым. Алайда бірден екі концерт өткізудің мүмкін еместігін ашып айтқанмын (дегенмен қалаларда ілінген афишаларда 2 концерт уақыты көрсетіліп тұрды және билет те соларға сатылды- С.Т.). Алғашқы концертке  билет түгел дерлік сатылды, ал екіншісіне оншалықты сұраныс болған жоқ.

 

Концерт өтетін күні Әлішер продюсері екеуі бірге ұшып келді. Мен оларды қонақүйге  жайғастырдым. Түскі ас мезгілінде онымен ешбір келісімнің жоқтығына  қарамастан  әртістің  продюсері Әнуар өзінің  де келіп-кету жол құны мен жатын орынын төлеуді талап етті. Жалпы барлық ұйымдастыру іс-шаралары ауызша жүргізілді, өзара  қағаз жүзінде келісім шарт жасасқан жоқпыз. Бұның үстіне ол 6 мың доллар гонорарды бірден төлеуді талап етті. Оны қайдан алып берейін? Біз  3 мың долларлық концерт жөнінде келіскенбіз! Ақыр соңында мен оларға кассадан түскен ақшадан гонорарының қалған  бөлігін төлеуге келісім бердім. Ал кешкі сағат 18-де  оларға  гонорардың бір бөлігін беріп, әрі театрға алып кетуге келгенімде Әлішер жағдай  жасалмағанын көлденең тартты. Егер ол драмтеатр залын дайындыққа босатып  беру қажет-тігін алдын-ала айтқанда мен оның өтінішін орындар едім.  Бірақ ол бұл туралы  сөз қозғаған жоқ».

Алайда  ұйымдастырушы қыз гонорардың қалған бөлігін алып қайта оралғанша ренжіген әнші жиналып, әуежайға кетіп қалыпты.

ӘНШІНІҢ УӘЖІ

– Әлішер, сіз не себепті концертіңізді қоймай, кетіп қалдыңыз?

– Концертті ұйымдастыратын адамдардың әртістерді лайықты түрде  қалай қарсы алудан хабары болуы тиіс.

– Сіздер қандай гонорарға келісіп едіңіздер?

-Менің  ойымша, бұл нағыз алаяқтық. Өкінішке орай, біз мұны тек  концерт басталуға бар болғаны бір сағат уақыт қалғанда білдік. Тіпті соның өзінде мен жарты гонорар үшін, яғни 3 мың долларға да ән салуға дайын болатынмын. Алайда ұйымдастырушы қыз бұл ақшаның да жартысын ұстап қалуға тырысқанда менің де төзімім таусылды. Сіз айыпқа бұйырмаңыз,  өзіме  қатысты бұндай қарым-қатынасқа мен шыдай алмаймын. 

Жасыратын дәнеңе жоқ, басында 6  мың долларға келіс-кенбіз әрі келмес бұрын алдын-ала жағдайдың барысын сұрап та алғанбыз. Ол қыз бізді бәрі ойдағыдай деп сендірген болатын. Бұндай  қиындықтар туатынын білгенде мен  өзімнің жылдап жинаған беделімді ойлап келмеген де болар едім. Мен елдің  намысын қорғап, халықаралық сайыстарға осындай күйге түсу үшін қатыспаған болармын. Концертімді өткізуден бас тартқаным дұрыс болды деп санаймын. Бұл - менің  шешімім.  

– Сонда қарапайым көрерменнің  кінәсі неде? Сіз  кетер алдында  әніңізді  кем дегенде 600 адамның  күтіп отырғанын  білдіңіз емес пе?

– Әрине, мен алдымен көрермен үшін келдім. Бұған қоса бұл менің Атыраудағы бірінші концертім. Алматыға келісімен брифинг өткізіп, ел алдында кешірім сұрадым. Бірақ не үшін екенін өзім де түсінгенім жоқ.

Менің ойымша, шақырушы жақ келіскен шаруаның бәрін атқаруы тиіс. Концерт басталуға бір сағат қалғанға дейін  ұйымдастыруға жауапты  адамды таба  алмасам не істеуім керек? Оған қанша қоңырау шалғанмен телефон тұтқасын көтерген жоқ. Сонда мен сахнаға қалай шықпақпын? Тіпті  дайындалып, өзімді ретке де келтіріп үлгергенім жоқ. Мен өзімді құрметтей білетін әртіспін және  шыға салып фонограммамен ән салу әдетімде  жоқ. Оның үстіне ол концерт басталардан жарты сағат бұрын маған гонорарды жартылай беретінін айтады.  Алайда адамдар концерт үшін ақша төлеген жоқ па? Ол ақшаны  неге басқа біреу иеленуі керек екен?

-Олай болса сіз неге сахнаға шығып концертіңіздің болмау себебін түсіндірмедіңіз?  Аяқ асты кетіп қалуыңыздың өзі  қашып кеткендей көрінді.

–Мен қашып кеткем жоқ.  Мен сіздерге әлі тағы келемін, себебі ол жақта менің шығармашылығымды  бағалаушылар жеткілікті деп санаймын.

– Сіз өзіңізді осы жайттан соң Атырауда біреу көргісі келетініне сенімдісіз бе?

-Менің әндерімді сүйетіндер міндетті түрде келеді.

Сәния ТОЙКЕН

15 қыркүйек 2011, 18:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.