Атырау, 6 мамыр 23:18
 ашықВ Атырау +19
$ 441.66
€ 475.14
₽ 4.86

«Атыраудағы» үлкен кикбоксинг кеші

1 775 просмотра

2 сәуірде «Атырау» ДСК-нде Атырау кикбоксингінің 20 жылдығына арналған Ресей және Қазақстан құрамалары арасында жолдастық матч өтті.

Жақсы ұйымдастырылған әдемі шоу еш кемшіліксіз өтті. Титулды файтерлердің айқастары арасында әншілер мен би ұжымдары өнер көрсетті. Айқас жеңімпаздары 200 мың теңгелік сертификаттар және «алтын» кубоктармен марапатталса, ал жеңілгендер 100 мың теңге мен «күміс» кубоктарға ие болды. Көрермендердің көптігінен зал ішінде ине шаншар жер болмады. Іс-шараның аяғына таман облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Нұржан ЕРМҰХАНОВ көрермендерге «Ризасыздар ма?» деп жар салды. Халық «Иә» деп жамырай жауап қайтарды.

Матчтың жолдастық мәртебесі айқастың тартысты өтуіне әсер етпеді. Ресей туы астында Дағыстан құрамасы (бас бапкері Ахмет АХМЕДОВ) өнер көрсетті. Қарсыластар айқастарын бір-бірін аңдымастан, бірден қызу бастап кетті. Өйткені олар талай рет рингте кездескен болатын.

57 келіге дейін салмақта әлемнің үш дүркін чемпионы, Азия чемпионы, семейлік Бауыржан ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ Ресей чемпионы Мамай МАМАЕВҚА қарсы шықты. Айқас «лоу-кик» ережесі бойынша (аяққа тебуге рұқсат) өтті. Қарсыластар екі минуттық бес раунд бойына бір-бірін соққылаумен болды. Алайда Бауыржан өз шеберлігінің жоғары екенін дәлелдеп, ұпай айырмасымен жеңіске жетті.

Келесі 71 келіге дейінгі салмақ бойынша айқаста әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Әлем кубогының иегері, павлодарлық Ерсайын ХАСАНБАЕВ  әлем чемпионы Рамазан РАЗАКОВПЕН қолғап түйістірді. Бұл айқас аяқпен тек белден жоғары тебуге рұқсат беретін «фулл-контакт» ережесі бойынша өтті. Спортшылар аяқпен Чак Норрисше айналып теуіп, әдемі өнер көрсетті. Бір қарағанда қазақстандық боксшы көп дәл соққы бергендей көрінген, алайда төрешілер жеңісті қонаққа берді. Көрермендер, әрине, бұл шешімге наразы болып, шу ете түсті.

75 келіге дейін салмақта әлем және Азия чемпионы Саян ЖАҚЫПОВ Әлем кубогының иегері Башир ТАЖДИНОВКЕ қарсы шықты. Дағыстандықтың бойы Саяннан бір бас ұзын еді. Алғашқы екі раундта Башир басымырақ болған, алайда әрі қарай Саян қарсылас қорғанысының әлсіз тұсын тауып, дәл соққылар берді, нәтижесінде 71:56 есебімен жеңіске жетті.

Кештің ең тартысты айқасы 91 келіге дейін салмақта қордайлық Қазақстан чемпионы Асхат ЖАНТҰРСЫНОВ пен тай боксынан Ресей чемпионы Абдусапин АБДУЛМЕДЖИДОВ арасында өтті. Екінші раундтың аяғында Асхат қарсыласының басына ауыр соққы беріп есеңгіретсе, үшінші раундта нокаутқа жіберді.

Соңғы айқасқа 60 келіге дейін салмақта әлем және Азия чемпионы, Әлем кубогының иегері, атыраулық Абзал ЖҮСІПОВ пен Еуропа чемпионы Магомед САИДОВ кездесті. Бұл күні Абзалдың әкесі қайтыс болған еді... Айқастардан кейін шоу жүргізушісіне берген сұхбаттарында барлық спортшылар осы туралы сөз қозғап, көңіл айтты. Абзал айқасқа шықпаса да, оны ешкім жазғырмайтын еді. Алайда Абзал мінез танытты. Ол айқасқа шығып, керемет шеберлік көрсетіп, қарсыласын айқын басымдықпен ұтты.

Осылайша, қорытынды есеп 4:1, Қазақстан құрамасы жеңіске жетті. Бұл елімізде кикбоксинг жақсы дамып жатқанын көрсетеді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

3 сәуір 2015, 16:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.