Хинтон Алабамадағы мейрамханалардың бірін тонау кезінде екі адамды өлтірді деп айыпталып, түрмеге 1985 жылы түскен болатын. Оның адвокаттары сотталған азаматтың бұл қылмысқа қатысы бар екендігіне тергеудің жеткілікті түрде дәлел келтірмегенін айтумен болған. Қорытындысында судья Лаура Петро Хинтонға қатысты барлық айыптауларды кері қайтарды, сотталған азамат жұма күні бостандыққа шығады.
Бирмингем қаласындағы мейрамханаға қарақшылық жасалған кезде екі қызметкер өлтірілген. Тәртіп сақшылары куәгерлерді және қылмыс орнында саусақ іздерін таппай, дәлелдер базасын Хинтонның анасынан тәркіленген тапаншасына байланысты құрды. Полицейлер қылмыстың дәл осы тапаншамен жасалғанын айтты.
Жаңадан жасалған сот-медициналық сараптаманың қорытындысы тәркіленген тапаншамен кісі өлтірілмегенін көрсетті. Хинтонның адвокаты Брайан Стивенсонның айтуынша, оның клиенті бұл іске афроамерикалық болғандықтан ғана тартылған.
Equal Justice Initiative құқық қорғау ұйымының мәліметінше, Хинтон өлім жазасына кесілгендердің камерасында ең ұзақ уақыт бойы отырған адам.
Дереккөз: tengrinews.kz