Жылыой ауданында мұғалімдер жетіспеушілігі мәселесі әлі де өткір тұр. Соңғы мәліметтерге сәйкес, 76 педагог орны бос.
Атап айтқанда, орыс сыныбына 37, қазақ сыныптарына 39 оқытушы қажет. Мәселен, 19 математика пәнінің мұғалімі (орыс сыныбына - 10), 6 физикапәнінің мұғалімі(орыс сыныбына - 4), 2 химия пәнінің мұғалімі, 8 орыс тілі пәнінің мұғалімі, 3 биология пәнінің мұғалімі, 6 тарих пәнінің мұғалімі (орыс сыныбына - 2), 11 дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі (орыс сыныбына - 7), 9 технология пәнінің мұғалімі (орыс сыныбына - 5), 7 психология пәнінің мұғалімі (орыс сыныбына - 4) және алғашқы әскери дайындық пәнінен 5 мұғалім жетіспейді.
Педагогтардың пікірлерінше, мұғалім мамандығын таңдайтын-дар өте аз екен, тіпті, педагогикалық оқу орнының түлектері де мамандықтары бойынша жұмысқа баруға ынталы емес.
Аудан бойынша 19 жалпы орта білім беретін және 1 негізгі мектеп бар болса, педагог мамандар саны – 1 547. Оның ішінде жоғары білімдісі – 1 138, аяқталмаған жоғары білімдісі - 45, арнайы орта білімдісі - 340, орта білімдісі -24. Пән мұғалімдерінің жетіспеуі себепті зейнет жасына жетсе де ұстаздық етіп келе жатқан 36 мұғалім бар.
- Біздің мектепке математика пәнінің мұғалімдері жетіспейді, -дейдіЖылыой ауданындағы№5 Абай атындағы орта мектептің директоры Жұмабике ТӨЛЕПОВА (суретте). – Бірақ мұғалімдерді табу қиын болып тұр. Бұл қазіргі таңдағы тапшы мамандық.
Аудан мектептеріне жыл сайын жас мұғалімдер арнайы жолдамамен жұмысқа орналасады. Мәселен, 2014-2015 оқу жылында 40 педагог аудан мектептеріне жұмысқа тұрды. Бірақ, өкінішке орай, бұл да мәселені бірден шеше қоюға сеп бола алмай отыр.
- Мұғалімдер қатарын толық-тыру мақсатында жыл сайын Орал қаласындағы М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін, Ақтөбе, Атырау қалаларындағы унверситеттер және колледждер-ді педагог мамандығы бойынша бітірген жас мамандарды аудан мектептеріне жұмысқа шақырамыз, -дейді Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Нұрадин ӨМІРБАЕВ.- Сондай-ақ, қазіргі уақытта Өскемен, Павлодар, Көкшетау қалаларындағы оқу орындарының түлектерін де жұмысқа тарту жоспарлануда. Айта кету керек, «Дипломмен - ауылға» бағдарламасы бойынша ауыл мектептеріне жұмысқа жіберілген 13 жас маманға көтермелеу жәрдемақысы берілді.2 жас ұстазға Жаңа Қаратон кентінен тұрғын үй сатып алынды. Жалпы, ауданда сырттан келген мамандарды баспанамен қамту мәселесі шешілген деп толық айтуға болады.
Аудандық білім бөлімінің мәліметі бойынша, еңбек өтілінсіз жоғары оқу орнын бітірген жас маманның айлық жалақысы – 45 473 теңге, арнаулы мамандығы бар маманның алатыны - 35 748 теңге екен. Жоғары санатты жоғары білімі және бес жыл еңбек өтілі бар педагогтар 63 555, арнаулы білімі барлары 54814 теңге алады. Бірінші санатты жоғары білімді және бес жыл еңбек өтілі бар ұстаздардың жалақысы – 54 507 болса, арнаулы оқу орнын бітіргендер 46 151 теңге алады. Екінші санаттылар бұдан сәл төмендеу жалақы алады. Санаты жоқ, жоғары білімді және бес жыл еңбек еткендер 45 658 теңге, ал, арнаулы оқу орнын бітіргендер38 402 теңге алады екен.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА