Борис Немцов қаза тапқан жерге қойылған гүлдер мен шырақтар. Мәскеу, 28 наурыз 2015 жыл.Ресейдің оппозицияшыл саясаткері Борис Немцовтің қастандықпен қаза табуына қатысты істе жаңа күдікті пайда болды деп хабарлайды тергеу ісіне жақын дереккөзіне сілтеме жасаған ресейлік "Коммерсант" басылымы.
Тергеушілер бүркеншік есімі "Руслик" деп аталатын адамды анықтаған. Саясаткер өліміне қатысты істегі басты айыпталушы Заур Дадаевтың түсініктемесі бойынша, "Руслик" қылмыс жасаушыларды қаруландырып, көлік берген және Немцовті өлтіргендердің әрқайсысына бес миллион рульден төлеуге уәде еткен. Күдіктінің аты-жөні тергеу орындарына белгілі болғанымен, әзірге жарияланбай отыр. Тек күдіктінің айыпталушы Дадаевтың жерлесі екені айтылады. Бірақ күдіктіге іздеу жарияланбаған.
Бұған дейін ресейлік ақпарат құралдары дереккөздеріне сілтеме жасап, Дадаев жауабында "шешен Русик" туралы айтқанын хабарлаған.
Дадаев тергеуде қастандықты ұйымдастыруға өзіне "Русик" деген лақап аты бар Шешенстаннан шыққан адам көмектескенін, онымен Мәскеудегі "Европейский" сауда орталығында танысқанын айтқан.
Борис Немцовты ақпанның 27-сі күні кешке Мәскеудің орталығында атып кетті. Қазір Немцовтің өліміне қатысты іс бойынша бес адам - Заур Дадаев, Тамерлан Эскерханов, Хамзат Бахаев, Анзор және Шадид Губашевтар ұсталған. Өткен аптада бұл іс бойынша Дадаевпен бірге "Север" батальонында қызмет еткен Руслан Геремеевтен куәгер ретінде жауап алынғаны белгілі болған.
Дереккөз: Азаттық радиосы