Синоптиктердің мәліметінше, бүгін Қырғызстанда көктем уақытында 89 жыл болмаған суықтық түсті.
ҚР ТЖМ жанындағы гидрометеорология агенттігінің директоры Зарылбек Игібаевтың айтуынша, бүгін таңертең ауа температурасы 13 градус суықты көрсетті. «Түнде 18 градусқа дейін төмендеуі мүмкін. Төменгі температура екі күн тұрып, 2-3 сәуір күндері күн жылынады», - дейді ол.
Бішкек қаласы әкімдігінің хабарлауынша, таңертеңнен бастап, қала жолдарына 180 тонна құм мен 16 тонна тұз қоспасы себілген. Қар тазалауға 19 техника шығарылып, «Тазалық» муниципалдық кәсіпорынының 60 қызметкері жұмылдырылған.
Табиғаттың тосын мінезінен бүршік жара бастаған жеміс ағаштарын үсік шалып, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің болашақ жоспарын бұзды.
Осы сағаттарда Бішкекте қар жауып тұр.
Дереккөз: ҚазАқпарат