Өткен аптада ҚІІБ-не Привокзальный 5 ықшамауданның 35 жастағы тұрғыны өзін тонап кеткені туралы шағым түсірді.
ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәзира МҰХТАРОВАНЫҢ айтуынша, арызданушы түнде кафеден шыққан кезде көшеде белгісіз үшеудің өзіне шабуыл жасап, ұрып-соғып, 150 мың теңгесін тартып алып кеткенін хабарлаған.
Күні бойы полицейлер жедел шаралар алған. Ал кешкісін арызданушы бүкіл ақшасын ішіп қойғанын, отбасында кикілжің болмасын деп, өз бетін жарақаттап, полицияға арыз түсіргенін мойындады.
ҚР ҚК-нің 419-бабының 2-тармағы бойынша («Қылмыс жасалғаны туралы көрiнеу жалған сөз жеткiзу») ақшалай айыппұлдан бастап үш жыл бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастыратын қылмыстық іс қозғалды. Тергеу аяқталды, қылмыстық іс жеңілдетілген түрде сотқа жолданады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ