Волейбол – Олимпиадалық ойындар бағдарламасына жарты ғасырдан аса уақыт кірген қызықты да тартысты командалық ойын. Балалар арасында осы спорт түрін дамыту туралы 3-БЖСМ-нің және облыстық жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы Нұрлан ҚАЙЫРЛИЕВ әңгімелеп берді.
АУДАНДАРДА ТАЛАНТТЫ БАЛАЛАР БАР
- Балалар волейболы Атырау қаласында, Құрманғазы (3-БЖСМ филиалы бар), Жылыой және Махамбет аудандарында дамып келеді. Өткен жылдың ақпан айында облыс чемпионаты өткізіліп, облыс құрамасына талантты жастар іріктеліп алынды. 1997-98 ж.т. жасөспірімдер командасына Әділет Бағытжан (Жылыой ауданы), Айбек Нұрым (Махамбет ауданы), Асқар Қайырғалиев, Мерей Өтебаев, Диас Смағұл және басқалар алынды. Олар өткен жылдың мамырында Ақтауда Қазақстан аймақтық чемпионатының алтын жүлдесін алып, ҚР спорт шеберлігіне үміткер нормативін орындады.
1999-2000 ж.т. командаға Фархад Жәңгіров, Байғазы Мұхитов, Серікболсын Рахметов, Ерсұлтан Абдуллаев, Дамир Равхатов, Нұрхан Тыныштықов, Ержан Нығметов, Қажымұқан Қаршығаев, Данияр Есенғұлов және Ерлан Наурызбаев кірді.
Мамыр айында Түркістан қаласында өткен жасөспірімдер арасында ҚР чемпионатында бұл командалар сәйкесінше 8-інші және 9-ыншы орындарға ие болды. Биыл да осы құраммен біз Семейде өтетін ел чемпионатына қатысамыз. Жақсы өнер көрсетуге тырысамыз. Біз бір жыл бойы қателіктерімізбен жұмыс жасадық, командамыз нығайып, шеберлігі толыға түсті деп ойлаймын. Команданың қалыптасуына БЖСМ директоры Сейітжан Бегісінов пен облыстық спорт басқармасының басшысы Нұржан Ермұханов көп көмектесті. Биыл сол адамдардың көмегімен доптар мен шабуылдағы соққыларға жаттығатын Алексеев тренажерлары сатып алынды.
Өткен жылы Шымкентте еңбек ардагері Қуаныш Төлеметовты еске алуға арналған халықаралық турнирге қатысып, 4-орын алдық, ал, биыл сол турнирде 5-бесінші болдық. Бұл халықаралық турнир, сондықтан жүлде алмасақ та, жақсы өнер көрсеттік деп есептеймін.
АТЫРАУДА ҮШ СЕКЦИЯ БАР
3-БЖСМ-нің және облыстық жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы Нұрлан ҚАЙЫРЛИЕВ- Облыста әйелдер волейболы қалай дамып жатыр?
- Бізде жаттықтырушылар жетіспейді. Александр Литвинов деген жақсы бапкеріміз бар еді, алайда, ол баскетболға ауысып кетті. Қазір біз 2003-04 ж.т. қыздар тобын жинап жатырмыз. Оларды Ерлан Бектілеуов жаттықтырады. Осы жастағы ер балаларды 1 қыркүйектен бастап жинаймыз.
-Атырауда балаларға арналған волейбол секциялары қайда жұмыс жасайды?
- 3-БЖСМ-де Ерлан екеуміз жаттықтырамыз. Ақсай ауылындағы Боран Нысанбаев атындағы мектепте Берік Қабиев, №6 мектепте Дархан Қалиев және №8 мектепте Ілияс Садыров жаттықтырады. Басқа секциялар жоқ.
-Шәкірттеріңіз кәсіпқойлар арасында қалай өнер көрсетіп жүр?
- «Атырау-2» командасы былтыр Қазақстанның «Б» Жоғары Лигасында алтын медальға ие болды. Ұлттық Лигада өнер көрсететін «Атырау» командасында шәкірттеріміз шабуылшы Биғали Жұмағазиев пен либеро Алпамыс Хилимов ойнайды. Жас волейболшыларға «Атырау» волейбол командасының директоры Болат Қабдрахимов пен облыстық волейбол федерациясының президенті Ғұмар Дүйсембаев үлкен көмек көрсетуде.
-Атырауда шәкірттеріңіздің қатысуымен қандай жарыстар өткізу жоспарлануда?
-Наурызда 1997-98 ж.т. жасөспірімдер арасында облыс біріншілігі өтеді, ал, сәуірде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған облыстық турнир және ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Марат Өтеғалиевті еске алуға арналған халықаралық турнир, мамыр айында Жеңіс күніне арналған халықаралық турнир және Қазақстан Кубогіне қатысатын үздік ойыншыларды іріктейтін облыстық біріншілік, маусымда 2001-02 ж.т. ер балалар арасында Балаларды қорғау күніне арналған облыстық біріншілік, ал, желтоқсанда 1998-2000 ж.т. қыздар арасында Бірінші президент күніне арналған облыстық біріншілік және жоғары оқу орындары мен колледж студенттері арасындағы дәстүрлі облыстық федерация Кубогы өткізіледі.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ