Атырау- Алматы пойызы вагондарының бірінде 11 наурызда су полициясының қызметкерлері 314 келі сазан салынған жол сөмкесін тауып алды. Балық Қызылордаға кетіп бара жатқан 47 жастағы жолаушыға тиесілі екен.
***
Құрманғазы көшесіндегі саунада 10 наурызда сағат 20.00-де қыз баланың ақшасы ұрланған. Құлсары қаласының 42 жастағы тұрғыны ұрлық жасады деп күдіктелуде. Іздеу жарияланды.
***
Наурыздың 11-де №12 бағыттағы автобуста 25 жастағы қала тұрғынының пальтосының қалтасынан 12 мың теңгені ұрлап кеткен. Қалта ұрысы ұсталды. Ол 25 жастағы Авангард тұрғыны болып шықты.
***
Привокзальныйда Амандосов көшесінің бойында 10 наурызда сағат 21.00-де үш жас жігіт 53 жастағы өтіп бара жатқан жүргіншінің ұялы телефонын тартып алған. Күдіктілер ұсталды. Олар 19 және 20 жастағы құлсарылық жігіттер болып шықты.
***
Наурыздың 11-де кешкісін Атырау-Дамбы тас жолында су полициясы «Киа-Серато» көлігін тоқтатты. Оның жүксалғышынан 153 келі сазан табылды. Балық Жұмыскер поселкесінің 40 жастағы жолаушысына тиесілі болып шықты. Тексеру жүргізілуде.
***
Наурыздың 13-де таңертең «Мерей» базарының маңында су полициясының қызметкерлері «Лада-Гранта» көлігін тоқтатты. Оның жүксалғышында 173 келі жайын болған. Тексеру басталды. 32 жастағы көлік жүргізушісі, Құрманғазы ауданының тұрғыны басқа жаққа кетпеу туралы қолхатпен босатылды.
***
Полицияға Атырау қаласының 60 жастағы тұрғыны шағымданды: танысы жүргізуші куәлігін алып беруге көмектесемін деп уәде беріп, ақшасын алып, ғайып болған. Күдіктіге іздеу жарияланды. Облыстық ІІД баспасөз қызметі қаскөйдің полицияға еш қатысы жоқ екенін атап өтеді.
***
Полицияға 20 жастағы қала тұрғыны шағымданды: ақпан айында танысы өзіне тиесілі «Дэу-Матиз» көлігіненбанкомат кәртішкесін ұрлап кетіп, 30 мың теңгесін түсіріп алған. Ұсталушы жасаған әрекетін мойындап, басқа жаққа кетпеу туралы қолхатпен босатылды.