Атырау, 5 қазан 08:25
 ашықВ Атырау +25
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Жоғары сот «волейбол ісі» бойынша жазаны жеңілдетті

2 811 просмотра

Бүгін, 17 наурызда, ҚР Жоғары соты қадағалау тәртібімен Атырау облыстық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының «волейбол ісі» деп аталған процесс үкіміне өзгеріс енгізді.

Естеріңізге салсақ, 2013 жылы судья Гүлмира ДӘУЛЕТОВА ««Атырау» облыстық волейбол командасы» МКК директоры Жеңісбек МҰХАНБЕТЖАНОВҚА, «Атырау» волейбол командасының бас бапкері Александр ЗАПЕВАЛОВҚА және МКК есепшісі Светлана ХАРКИНАҒА үкім шығарды. ҚР ҚК-нің 314-бабы 4-тармағы («Қызметтік жалған құжат жасау»), 307-бабы 3-тармағы («Ұйымдасқан қылмыстық топ мүддесі үшін лауазымдық құзіреттерін асыра пайдалану») бойынша үшеуі де кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, 8 жыл бас бостандықтарынан айырылды («Волейбол процесі», ««Волейбол ісі» бойынша айыпталғандар 8 жылға сотталды» мақалаларын оқыңыздар).

Сотталғандар үкімге алдымен апелляциялық, содан кейін кассациялық тәртіпте шағым түсірді. Атырау облысының екі сот инстанциясы да оны өзгеріссіз қалдырды. Бұдан соң олар қадағалаушы органға жүгінді. Жоғары сот сотталғандардың үкімді кері қарау туралы өтінішін қарап, бүгін нүктесін қойды.

- Барлық сотталушылар ҚК-нің 235-бабы 3-тармағы бойынша қылмыс құрамының жоқтығына байланысты ақталды; Мұханбетжанов пен Харкинадан 307-бап 4-тармағы бойынша айыптау алынып, осы баптың «жеңілдеу» 1-тармағына ауыстырылды; Запевалов 307-бап бойынша ақталып, Мұханбетжанов екеуі 2 жылға жалпы режимді колонияға кесілді, -  деп телефон арқылы хабарлады сотталушылардың қорғаушыларының бірі Игорь ВРАНЧЕВ.

Айта кетсек, Мұхамбетжанов пен Запеваловтың қамауда болу мерзімі осы жылдың мамырында аяқталады. Екеуі де екі жыл бұрын қамаққа алынған еді.

Харкинаға қатысты үкім 2 жыл бас бостандығын шектеумен ауыстырылды (жазаның бұл түріне тұрақты мекенжайын ауыстыруға, мамандандырылған органға хабарламай басқа жаққа баруға тыйым салу, белгілі бір жерлерге баруды шектеу және т.б. тыйымдар кіреді).

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

17 наурыз 2015, 15:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.