Атырау облысындағы барлық Ұлы Отан соғысының ардагерлері жедел көмек шақыру арнайы түймесі бар ұялы телефондарға ие болады.
10 наурыз күні облысымызда ардагерлерге жедел жәрдем, полиция немесе ТЖ мамандарын тез шақыруға арналған арнайы құрылғы ұсынған «Өмір жолы» әлеуметтік қолдау қоры өз жұмысын бастады. Құрылғының қарапайым ұялы телефоннан айырмашылығы жоқ, тек барлық түймелері ірі, көзі көрмейтін немесе нашар көретін адамдарға ыңғайлы және түймені басқанда дыбыстық белгі береді. Яғни, ардагерлер қандай нөмір тергенін тек көріп қана қоймай, ести де алады. Ал, ұялы телефоннан басты айырмашылығы – қарт адамға көмек керек екендігін білдіретін «апаттық түймелердің» бар болуы.
Белгі Алматыда орналасқан орталыққа түседі, ал, сол жерден оны Атырауға немесе ардагер тұратын ауданға жібереді. Оператордың деректер базасында әр ҰОС қатысушысы туралы ақпараттар, яғни, оның жасы, мекенжайы, жақын туыстарының, қамқоршысының немесе көршісінің байланыс нөмірлері бар. Бұл деректер қарт адамға жедел жәрдем келгенде жақын адамдары қасында болуы үшін қажет. Көмек орталықтары «Қазақтелеком» платформасында орналасқан және белгілі бір тариф бойынша жұмыс жасайды. Мысалы, ардагерлер бір-бірімен тегін сөйлесе алады, ал, жедел шақыруды минустық баланста да жасай алады.
- Біз облыс ардагерлеріне арнап 86 құрылғы әкелдік. Бұл жүйе Қазақстанда өткен жылдың мамырынан бастап жұмыс жасайды, алдымен аз уақыттың ішінде Астана мен Алматыдан 150 адам қосылды. Осы уақыт ішінде 400-ден аса жедел шақыру өңделіп, мамандар ардагерлердің өмірін қорғап қала алды. Ал жыл басынан бері бүкілреспубликалық «Жеңіс» әлеуметтік-қайырымдылық жобасы аясында бұл қызметке 3,5 мыңнан аса адам тіркеліп үлгерді. Бүгінде Қазақстанда барлығы 5 083 ардагер өмір сүреді, - дейді «Өмір жолы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Эрнар НҰРБЕКОВ.
Ардагерлер кездесуде көмек аты айтып тұрғандай «жедел» болмауы мүмкін деп өз қауіптерін айтты. Олардың «жедел жәрдемді» бірнеше сағат бойы күткен, тіпті, келуден бас тарқан кездері болған екен. Алайда Нұрбеков қордың облыстық денсаулық сақтау басқармасымен және басқа да құрылымдармен өзара бірлесе жұмыс жасап жатқанын айта келіп, ардагерлерді көмек көрсетуден ешкім бас тартпайтындығына сендірді
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ