Облыстық «Бейбарыс» хоккей командасы плейофф сериясының алғашқы екі ширек финалы матчында «Алматы» командасына жол берді.
Ойын Атырау қаласындағы Мұз сарайында 3 және 4 наурызда өтті. Бапкер Александр Истоминнің шәкірттеріне не болды? Олар алматылықтардың қақпасына ақыры ұпай сала алмады. Есесіне олар қожайындардың қақпасына 7 шайба салды (0:4, 0:3). Ал, 7-8 наурызда Алматыда өткен қарымта кездесуде «Бейбарыс» өзіне бір жеңіс пен бір жеңілісті жазды.
***
Шымкентте футбол орталықтары мен академиясы арасында өткен «Жастар» турнирінде «Атырау-99» командасы екі жеңіске жетті.
Бірінші матчта атыраулықтар «Жетісу-99» командасын тізе бүктіріп, талдықорғандықтардың қақпасына жауапсыз 4 гол салды. Алексей Блинов, Батырхан Орынбасаров және екі мәрте Ерхан Таласбаев ерекшеленді. «Астанадағы» құрдастарымен өткізген екінші матчта «Атырау-99» ойыншылары Әділбек Кәрімов пен Ерасыл Аманжол жауапсыз екі гол соқты.
***
«Атырау» ДСК-де 1995-96 жылғы жастар арасында дзюдодан Қазақстан чемпионаты өтті.
Қожайындар еншісінде бар болғаны бір алтын медаль (оны 55 келіге дейінгі салмақта Қанат Сейілхан ұтты) мен бір «қола» (оны 78 келіге дейінгі салмақта Эльмира Самиғоллаева иемденді) бар. Қоржынға салынған «алтын» саны бойынша Оңтүстік Қазақстан облысының құрамасы 1-орын (4 медаль) алды, 2-ші орында – Қызылорда облысы (3 медаль), 3-ші орында – Алматы облысы (3 медаль). Атырау облысы 9-шы орында.
***
Астраханда Отан қорғаушылар күніне арналған 45-ші Бүкілресейлік Началов жеңілатлетикалық жарысы өтті.
Атыраулық марафоншы, дене тәрбиесі және спорт кафедрасының профессоры Асқар Қазиев 50-59 жастағы жеңіл атлетшілер тобымен 5 шақырым қашықтықта жүгіріп, үшінші болып мәреге жетті.
***
Байқоңырда самбодан 1999 жылы туылған және одан төмен жастағы жасөспірімдерге арналған «Дружба народов» атты республикалық турнир өтті.
Облыс құрамасы бұл сайыстарда 4 медаль иеленді. Кадеттер арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері Асқар Еспусинов (46 келіге дейін) «алтынмен» көзге түсті. «Күмісті» Айбек Әбділов (60 келіге дейін) жеңіп алды. Қола медальдар Нұрқанат Серікбаев (35 келіге дейін) пен Батырлан Әсетке (50 келіге дейін) бұйырды. Балаларды бапкерлер К.Досқалиев, Н.Нұрашев, Д.Жақсиев және К.Табынбаев дайындады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ