Ағымдағы жылы мал өсіруші фермерлерге арналған субсидиялар көлемі 55 млн-нан жарты миллиард теңгеге дейін көбейетін болады. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасындағылар хабарлады.
ҚР ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 19 желтоқсандағы «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды және мал шаруашылығы өнiмдерiнiң өнiмдiлiгi мен сапасын арттыруды субсидиялау бағыттары бойынша субсидиялар көлемдерін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, асыл тұқымды малды сатып алу, асыл тұқымды мүйізді ірі қара мал мен қойдың аналық мал басын селекциялау, ет пен жұмыртқа бағытында жұмыртқа мен балапандарды сатып алу, асыл тұқымды бұқаларды өсіру және жасанды ұрықтандыру шығындары субсидияланатын болады. Мал шаруашылығының өнімділігін арттыру бағдарламасы бойынша субсидиялар – бордақылау үшін бұқашықтарды сатуға, мүйізді ірі қара мал, жылқы, қой, түйе етінің, құс, сүт, сүт өнімдерінің, қой жүнінің бағасын арзандатуға, ірі азықтарды, қоспа жемдер мен үстемелерді сатып алу және дайындау кезіндегі шығындарды өтеуге жұмсалатын болады.
Фермерлердің өтініштері ауыл шаруашылығының аудандық бөлімдерінде қаралады.
Ауыл шаруашылығы басқарма-сындағылар асыл тұқымды мал шаруашылығы жұмыстарының мысалы ретінде Махамбет ауданындағы сүт өндіру бағытындағы голштино-фриз асыл тұқымды мүйізді ірі қара өсіретін «Первомайский» ЖШС мен қалмақтың асыл тұқымды сиыры мен бұқасын өсіретін Жылыой ауданындағы «Достан-Ата» шаруа қожалығының қызметін атады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ